ТКШМәдениетҚоғамБилік

Шілде-тамыз айларында 100 жаңа автобус жеткізіледі

 

Петропавлда құрылыс қызған. Әйтпегенде ше, жылдың соңына дейін жерлестеріміздің қолданысына көпқабатты 28 үй тапсырылмақ. Оның 10-ы – коммерциялық, 13-і – кредиттік, қалған 5-еуі – әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне жалға берілетін баспаналар. Нысандарды тұрғызу жұмыстарына қажетті қаражат бөлінген, мердігерлер бекітілген. Бірақ, өкінішке қарай, іске жүрдім-бардым қарайтын компания процесті тежеп отыр. Әңгіме 198 пәтерлік үйдің құрылысына жауапты «Севинстальком» серіктестігі турасында.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

-192 пәтерлік үйге қатысты мәселе айдың аяғына дейін шешіледі. Қазір подъездердегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сот процесі жауапсыз мердігермен ғана емес, жер учаскелерін қайтару бойынша да жүргізілуде. Қала бойынша 2000 жылдары бірқатар аумақ азаматтардың қолына заңсыз өткен. Яғни, сол кездері әкімдікте еңбектенген жандар көпқабатты үй аулаларын, тіпті жағалау аймақтарын саудаға шығарыпты. Бүгінге дейін мұндай 316 учаске анықталды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі

– Қала ішінде 90-шы, 2000-шы жылдары заңсыз сатылып кеткен жерлер бар.  75-ін қайтардық.

Жер учаскелері демекші, жергілікті билік өкілдері иесі жоқ саяжайларды анықтауға кіріскен. Үстіміздегі жылдың 5 айында мұндай 176 жазғы үйдің орны табылды. Олардың 125-і бүгінде арнайы есепке қойылған. Алдағы уақытта петропавлдықтар оны өздеріне рәсімдей алады дейді шаһар басшысы Болат Жұмабеков. Гараждарды демонтаждау жұмысы да биыл жалғасын табады. 1400-ден аса нысанды иелері кезінде өздері орнатып алған. Яғни, қалаған жерлеріне қойыпты. Қазір әкімдік мұны анықтап, көлік қоятын орындарды басқа жерге ауыстыруда. Былтыр – 253, биыл 121 гараж арнайы аймаққа көшірілді. Ал, көпқабатты үйдің аулалары босатылып, абаттандырылады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

-Биыл 60 көпқабатты үй ауласын абаттандыру жоспарда бар. Бірақ, бюджетте қаражат үнемделуде, сондықтан межені 80-ге дейін жеткіземіз деген ойдамын. Әрі аулалардағы жұмысты кешенді түрде жүргіземіз. Яғни, қажет болса асфальтін төсейміз, балалар алаңқайын орнатып, тренажерлар қоямыз. Гараждардың орнын ауыстырып, апаттық жағдайдағы ағаштарды кесеміз. Осылайша бір уақытта барлық мәселені шешеміз.

Гараждарды көшірсе, машинаны қайды қоямыз деп алаңдаудың қажеті жоқ. Былтыр қала бойынша 45 автотұрақ қолданысқа тапсырылды. Қала әкімінің сөзінше, биылғы жоспар 47-ні құрайды. Енді өткен жылдан бері сүйіншілеген жаңалыққа ойысайық. Көптен күткен су жаңа автобустар Петропавлға шілде-тамыз айларында жеткізілмек.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:


-Автобустардың кейбірінің ұзындығы – 8,5, қалғаны 10 метрдей болады. Қала бойынша емін-еркін қатынау үшін қазір көшелерді жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлдік. Әсіресе, бұрылыстарға өзгеріс енгізу қажет болады.

Бұл ретте жолаушы тасымалдаушылар саласында бірқатар өзгеріс орын алады. Әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне қоғамдық көлікпен тегін қатынау мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдай 9,5 мың петропавлдыққа жасалмақ. Бүгінге дейін олардың 1400-ге жуығы арнайы картаны алуға өтініш білдірген. Ал, автобус иелеріне келетін шығынды жергілікті әкімдік субсидиялайтын болады.

Эльмира Садвокасова