Ауыл шаруашылығыМәдениетҚоғам

Тайынша ауданының әкімі есеп берді

Өткен жылғы қиындықтарға қарамастан тайыншалық аграрийлер ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. 2020-да бұл ауданның диқандары 412,5 мың гектар алқапқа дәнді дақыл және 175 мың гектарға майлы дақылдардың тұқымын сепкен. Жазда қуаңшылық болса да шығымдылық көрсеткіші 11 центнерді құраған. Ал қаңтар мен ақпан айларында ауданда өндірілген ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8 млрд теңгеден асқан. “Жақсы нәтижеге минералды тыңайтқыштар мен заманауи техникалардың арқасында қол жеткіздік”,- дейді атқамінер Руслан Аңбаев.

Руслан Аңбаев – Тайынша ауданының әкімі:

-Былтыр аграрийлер 10,8 млрд теңгенің 220 техникасын сатып алды және жерге 6 мың тонна минералды тыңайтқыш септі. Ауданда мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Құс пен қара малдың саны артты. Биылғы 4 айдың ішінде 5,5 мың тонна ет пен 15 мың тонна сүт өндірілді. Қазір ауданда асыл тұқымды ірі қара өсіретін 7 агрокәсіпорын бар.

Өзге де жоспарларды тілге тиек етейік. Қазір Тайыншада 7 сүт-тауарлы кешен жұмыс істеп тұр. Биыл 3 мың басқа арналған тағы біреуінің құрылысы басталмақшы. Жоба аяқталысымен 80 адам жұмыспен қамтылады.

Руслан Аңбаев – Тайынша ауданының әкімі:

– Биыл шетелден 350 бас асылтұқымды мал әкелуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, ауданда 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын тұрғызғымыз келеді. Және қой фермасын саламыз. Соңғы жобаның құны 150 млн теңге болады.

Руслан Аңбаевтің айтуынша халықты таза ауыз сумен қамту шаралары жыл сайын тоқтаусыз жүргізіледі. Биыл бұл бағыттағы шаруаға республикалық бюджеттен 622 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Негізі, Тайыншадағы елді мекендердің көбісі орталықтандырылған су желісіне қосылған. 63 ауыл тұрғыны тіршілік нәрін қоғамдық құдықтан алады екен.

Бердимурат Баймухан