ТКШЭкологияҚұрылыс

Новопавловка кентіндегі саяжайдың айналасы қазылып жатыр

Әкімдік тапсырысымен жүргізілген жұмысты тұрғындардың бірі қостап жатса, енді бірі даттауда. Саяжайшы Наталья Апретова жергілікті әкімдіктің шаруасын бірауыздан қолдайды. Ол үшін маңызды аргументтері де бар. Тұрғын үйлердің қасына жақын орналасқан зираттар тереңдігі 3 метр болатын шұңқырмен қоршалуы тиіс. Бұл – санитарлық норма.

Наталья Апретова:

– 90-шы жылдары шұңқыр болған. Тұрғындар оған қоқыс лақтырып, уақыт өте келе жермен тегістеліп кетті. 2017 жылы тасқын болғанда зираттағы қар еріп, ол біздің саяжайларымызға ақты. Сумен бірге марқұмдардың сүйегі де, қауіпті бактериялар да келді. Егер жыра болса, су жан-жаққа ағылмас еді.

Наталья Апретованың сөзінің жаны бар. Онда өзге саяжайшылар неге қарсы? Сөйтсек, тұрғындардың автобус аялдамасына зират арқылы қатынауға еттері үйренген екен. Бірақ, бұл – қыдыратын аллея емес, жерлеу орны екенін естен шығармаған жөн. Шұңқырдың мәселесіне қайта оралар болсақ, оның тағы бір функциясы бар. Новопавловкадағы зират 2017-ден бері жабық, яғни марқұм болған жанды осы жерге жерлеуге тыйым салынған. Алайда, тұрғындар көз жұмған туған-туыстарын әлі күнге дейін осы маңға жерлеуде. Енді бұған тосқауыл қойылады. Әрі молалардан темір-терсек таситын вандалдардың теріс ісі де доғарылмақ.

Виталий Никитин – «Петро-спецобслуживание» серіктестігі қауіпсіздік қызметінің басшысы:

-Шұңқыр қазу жұмысын мамыр айының басынан жүргізудеміз. Әрі зиратты айнала бейнебақылау құрылғылары орнатылады. Бірнешеуін жасырын қоямыз. Жазылған видео бірден полиция қызметінің жедел басқару орталығына жөнелтіледі.

Шұңқыр қазу барысында саяжайшылардың бірінің бақшасына аздап зақым келді. Себебі, бағбан көкөніс өсіретін аймақты зираттың бір бөлігінен өзіне үлестіріп алыпты.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

-Саяжай тұрғындары мен зиратқа келетін азаматтар қала әкімінің қабылдауына келіп те, 109 нөміріне хабарласып та айтты. Тұрғындардың өтініші бойынша жүргізудеміз.

Шаруа шілде айының соңында тәмамдалады деп жоспарланған.

Эльмира Садвокасова