Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Е-өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылады

Халық үніне құлақ асатын мемлекет. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс 4 бөлім, 175 бап және 29 тараудан тұрады. Оның жүзеге асырылу барысы толықтай цифрландырылған. Нақтырақ айтсақ, енді тұрғындар сот органдарына шағымын жеткізу үшін есіктен-есікке жүгіріп, құжат жинамайды. Арызын «Е-өтініш» ақпараттық жүйесіне жүктейді.

Әсет Тұрысов – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

– Тұрғындар өздеріне қажетті құжаттарды ақпараттық жүйе арқылы алып, сотқа жолдайды. Кейін, мемлекеттік орган қызметкерлері арызды қарайды. Дәл осы сәттен бастап жүйеде арнайы база ашылады. Онда өтінімнің қаралу сатысы мен мерзімі толық сақталады. Азаматтар кез келген уақытта кіріп, бәрін бақылап отыруға құқылы.

Арыз түскен мемлекеттік органға мониторинг пен бақылау жүргізіледі. Тұрғынның неге көңілі толмай жатқандығы тексеріледі. Мемлекеттік қызметкерлер жауабын 15 не 30 күн аралығында берулері шарт. Егер маман, тіпті, 1 күнге кешіксе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Әсет Тұрысов – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

– Мұны білген мемлекеттік қызметкер шағымның жауабын тез арада беруге тырысады. Уақытты созып жүре алмайды. Жаңа Кодексте бұл туралы толығырақ жазылған. Егер тұрғын берілген жауапқа көңілі толмаса істі қараған мемлекеттік қызметкерге де шағым түсіре алады. Мұндай жағдайда маман арызданушыны жеке қабылдап, оған түсініктеме беруге міндетті. Талаптар орындалмаса қызметкердің орнын босатуына тура келеді.

Одан бөлек, ХҚКО-ның базасында «Нәтиже» орталығы да жұмысын бастамақ. Мұндағы мамандар түсіндіру сипатында келіп түскен өтінімдердің 50 пайызына жауабын бермек. Олар азаматтармен қашықтықтан байланысады. Осылайша, мемлекеттік органдарға жүктеме азайып, қағазбастылық пен төрешілдіктің алды алынады.

Маржан Касымбек