МТРА жаңалықтары

Ауылдық округ әкімдерін сайлау өтеді

  The YouTube ID of Insert video URL or ID here is invalid.

Былтыр індет жан-жаққа тарап, тұрғындардың біразын табыс көзінен айырғаны баршаға мәлім. Қиын-қыстау кезде халықтың қамын ойлаған нұротандықтар бірнеше акцияны қолға алды. «Birgemiz» қорынан 23 761 солтүстікқазақстандықтың әрқайсысына 50 мың теңгенің жәрдемақысы табысталды. «Jas Otan» жастары болса, қарттар мен көпбалалы отбасыларға әлеуметтік пакеттер таратты. Шамамен 2 айдың ішінде 3 мың жанұяға азық-түлікке толы қоржын берілген. Одан бөлек те бірталай шаруаның басы қайырылыпты. Мәселен, бас партия өкілдері өз араларында “ішкі тазалау жұмыстарын” жүргізген.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл уақыт аралығында партия ішіндегі құжаттарын қайта қарап, бірақ тазалау жұмыстарын жүргіздік. Арнайы жарналарды төлемеген және құрамнан шығып кеткен 13 500 адам шығарылды.

Есесіне қатарға қоғамдық істерге белсене араласып, көшбасшылық танытқысы келген 2600 адам қабылданған. Өткен жылдың соңында Мәжіліс пен мәслихат депутат атануға ниет білдірген жандар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені белгілі. Оған «Nur Otan» партиясынан 80-ге жуық солтүстікқазақстандық қатысып, дауыс берудің қорытындысы бойынша 40-тан астамы халық қалаулысы атанды. Бұл жандардың алға қойған ауқымды жоспары бар. Олар алдағы уақытта ауылдық округ әкімдері сайлауында бақ сынамақшы.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл ерекше қадам болғалы тұр. Бұған дейінгі уақытта әкімдер жай тағайындалған болса, енді сайлау арқылы дауыс жинайтын болатын.

Облысымыздың аумағында 71 ауылдық округ болса, соның 62-сінде әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған. Ал қалғандарында басшылар атымен жоқ екен. «Nur Otan» партиясы жергілікті филиалы төрағасының бірінші орынбасары тікелей эфир соңында тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтарға да жауап берді. Сауалдардың басым бөлігі ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты болды. Әсем Рахметова науқанға қатысты ақпараттардың барлығы жақын арада ресми түрде жарияланатындығын мәлімдеді.

Маржан Касымбек