ТКШ

Көшелерге қиыршық тас төселіп жатыр

 

Лидия Волкова 30 жылдан бері Жұмысшы кентінде орналасқан Михеев 4-ші тұйық көшесінде тұрады. “Осы 30 жылда бұл көшеге мүлде жөндеу жүргізілмеді”,- дейді нәзікжанды. Жүріп-тұру қиындап кеткесін азаматша ақпан айында қалалық әкімдікке барып өтініш білдірген. Бұйымтайы жерде қалмады. Билік өкілдері мәселені бақылауға алып, екі күнде учаскеге қиыршық тас төсеп берді.

Лидия Волкова – қала тұрғыны:

– Қалалық әкімдікке барып арыздандым. Мәселені қар еріп, жол құрғағасын шешеміз деді. Бүгін, міне, көшемізге қиыршық тас төсеп берді. Ризамын!

Жалпы, бүгін Михеев көшесінің 1 шақырымына қиыршық тас төселді. Іске 5 техника жұмылдырылған. Үстіміздегі жылы бұндай жұмыс тағы 100-ге тарта көшеде жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Жұмысшы кенті мен қаланың өзге де шеткері орналасқан аудандары тізімнің басында тұр екен.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Көшелерге қиыршық тас төсеу жұмыстары мамыр айынан басталды. Бұл жұмыстар жаз бойы жалғаспақ. Бұндай жұмыстар тұрғындардың қала әкімі Болат Жұмабековпен кездесуі мен олардың өтініштері нәтижесінде жасалады. Көшелеріңізге тас төсеу керек болса, қалалық әкімдікке жүгіне аласыздар.

Мамыр айынан қаламызда жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстарынан бөлек, ой-шұңқырларды жамау жұмыстары да жүргізілуде.

 

Алдияр Айтпаев