ТКШ

Биыл өңір орманшылары 550 мың текше метр отын дайындамақ

 


Тепловское орман шаруашылығы отын дайындау ісін 2 апта бұрын бастаған. Электрараны мамандар алдымен Шаховское селосы маңындағы орманға салды. Биыл мұндағы 1,1 гектар жерде өсіп тұрған жасыл желек кесілмек. Себебі, бірнеше жыл қатарынан аймаққа су жиналып, ағаштар өле бастаған. Қазір де қайыңдар шалшық үстінде тұр. Жасыл желектен отын дайындау үшін учаскеде 6 адамнан құралған бригада еңбектеніп жатыр.

Геннадий Бегишев, Тепловское орман шаруашылығының орманшысы, Қызылжар ауданы:

– Мамандар орманнан шабылған ағашты трактормен шығарады. Кейін электрарамен бөлшектеп, күннің көзіне кептіреді. Бұтақтарын кесіп, бір жерге жинайды. Оны өрт қаупі жоғары маусым аяқталғаннан кейін жағатын боламыз. Бүгінге дейін орманшылармен 203 текше метр отын дайындалды. Желтоқсанның 31-іне дейін біздің шаруашылық 10 мың текше метр әзірлеуі қажет.

Істі тездетуге ормандағы шалшық су кедергі. Мамандар шеткі ағаштарды кесіп, жердің кепкенін күтеді. Кейін жұмысқа қайта кіріседі. Дайындалған отынды Қызылжар ауданына қарасты елді мекен тұрғындары мен петропавлдықтар алады екен. Биыл оның бағасы 1 текше метр үшін 2 мың теңгені құрамақ. Жерлестерімізді отынмен қамту үшін облыс бойынша үстіміздегі жылы 550 мың текше метр болатын жасыл желекті кесуге рұқсат етілген. Оның 500 мыңы жылыту маусымына жұмсалса, қалғаны тақтай, бөрене жасауға жіберіледі.

Василий Лабанчук, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Өңірде отын дайындаумен 12 орман шаруашылығы мен 20 орман пайдаланушы айналысады. Бүгінге дейін жоспардың 10 пайызы орындалды. Негізінде, жасыл желекті тұрғындарды отынмен қамту мақсатында және кәсіпкерлерге шикізат ретінде сату үшін шабамыз. Сондай-ақ, санитарлық кесу деген бар. Яғни, тоғай өрт кезінде зақым келген, суда тұрып шірігендерден тазаланады.

Ақ қайыңдар өлкесінде тоғайлар сиреп қалады деп қорқудың да қажеті жоқ. Отын дайындау ісімен айналысатын әрбір шаруашылық жыл сайын 18,5 гектар жерге жасыл желек отырғызады. Шаруаны мамандар көктем мен күзде жүргізеді.

Эльмира Садвокасова