Денсаулық сақтауҚоғамӘр түрлі

Бескөлде 130 адам ауыз судан уланды

 

Бұл кадрларды осыдан бірнеше күн бұрын Бескөл ауылының тұрғындары түсірді. Адамдар краннан аққан ауыз судың ластығына наразы. Оны ішкен жандар аяқ асты сырқаттанып, бірінен соң бірі ауруханаға түсіп жатыр. Бүгіннің өзінде 18 кісі емдеу орнына жатқызылыпты. Олардың 17-сі – бала.

Өткен бейсенбі күні краннан аққан суды ішіп ауырып қалдым. 1 аптадан бері сырқаттанып жүрмін. Көптеген дәрі-дәрмек сатып алдым. Қазір асқа тәбетім жоқ. Дүкеннен су сатып алып, соны ішіп жүрмін.

– Менің қос немерем бар. 12 жастағысы қатты ауырып қалды. Құсып, іші өтті. Бір жарым апта үйден шыға алмады.

– Қызым есінен танып қалды. Еріндері көгеріп, түрі бозарып кетті. Күйеуім екеуіміз қатты қорықтық. Ол өліп қала ма деп ойладық.

Жан түршігерлік жағдайдан соң ауылдағы ағайын Қызылжар ауданының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына хабарласқан. Сонда-ақ, бүгінге дейін аудандық ауруханадан мамандарға 100-ден аса шұғыл хабар түсіпті. Дәрігерлердің сөзінше лас суды ішкен адамдардың көбісінде диарея пайда болып, дене қызуы көтеріліпті және құса береді. Мамандар суға анализ жүргізген.

Жангелді Ыбыраев – Қызылжар ауданының бас санитарлық дәрігері:

-Судан жалпы микробтық сан анықталды. 1 миллилитр суда 50 микробтан көп болмауы тиіс. Біз зерттеген тіршілік нәріндегі бактериялардың саны тым көп және тез өсіп жатыр. Сол себепті, нақты санды айта алмаймыз.

Санитарлар судағы микробтардың қандай түрге жататынын және олардан қандай ауру туындайтынын да білмейміз дейді. Мамандар кеше суды тазарту жұмыстарын ғана жүргізген. Алдағы уақытта тіршілік нәрі тағы да зерттелмекші. Осылайша оны тұтынуға болатыны не болмайтыны анықталады. Ал тұрғындар болса, краннан әлі күнге дейін қоңыр су ағады дейді.

Қайырбек Нұралин – «Базис Пром» ЖШС директоры:

– Олардың көбісіне ескі құбыр арқылы су жеткізіледі. Құбырларды тазаласақ су сапасы дұрысталады. Алдағы уақытта оларды жаңартамыз.

Осылайша, мамандар ауылдағы 17 км ескі құбырды күзге дейін жаңартпақшы екен. Ал санитарлар болса бактериялардың қайдан пайда болғанын анықтау үстінде. Алдын ала болжам бойынша микробтар зақымданған құбырлардан пайда болған көрінеді.

 

 

Бердимурат Баймухан