Қоғам

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні  

Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимн. Бұл нышандарды көріп, естіген әр қазақтың жүрегі елең етпей қоймайтыны рас. Себебі, дәл осы таңбаларда халқымыздың даналығы, қастерлі рухы мен тұрмыс-салты көрініс тапқан. Қасиетті бейнелердің әрқайсысының астарында терең мән-мағына жатыр. Мәселен, Елтаңбадағы шаңырақ – елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің ортақ үйі дегенді береді.

Бағдат Мұқанова – СҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

– Жаңа мемлекеттік рәміздер 1992 жылдың 4-маусымында бекітілді. Ресми бекітілген анықтамаға сәйкес ҚР Мемлекеттік туының ортасына шұғылалы күн, оның астына қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Көк байрағымыздың ені мен ұзындығының ара қатынасы – 1:2. Байрақ бетіне әртүрлі нышандардың суретін салу – бұрыннан бар үрдіс.

Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналғандар мемлекеттік нышандардың авторларын атап, олардың өмірбаяндарын тілге тиек етті. Сонымен қатар, соңғы кезде қасиетті таңбаларда орын алған өзгерістерге тоқталды.

Азамат Кәрімов – ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

-2018 жылы Елтаңбаға қаріптік өзгертулер енгізілді. Яғни, ондағы «Қазақстан» сөзі латын әрпімен жазылды. Айта кеткен жөн, 1996 жылы Елтаңбаның түсі қоңыр болған, кейін 2008-де – сары түске, ал 2014 жылы алтын түске өзгертілді.

Ата-бабабыз аңсап өткен тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. «Осынау құндылығымызды сипаттайтын рәміздерге құрметпен қарап, қастерлеуіміз керек»-, дейді шараға қатысқандар.


Алтынай Казиканова