БалаларҚоғамҚұрылыс

Жетім және ата-ана қарауынсыз қалған 125 жас биыл пәтер иеленеді

23 жастағы Данияр Арқаев – Петропавлдағы ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің бірінің түлегі. Азамат үлкен өмірге 18-інде қадам басқан. Содан бері өзіне өзі жауапты. Қазір жас жігіт гуманитарлық колледжде әлеуметтік қызметкер мамандығын меңгеруде. Бос уақытын жұмыс істеп, ақша табуға жұмсайды. Тапқан-таянғаны мен шәкіртақысы, өкінішке қарай, жалдамалы пәтер мен тамақтан артылмайтын көрінеді.

Данияр Арқаев:

 – Пәтер үшін ай сайын 85 мың теңге төлеймін. Ал қыста коммуналдық қызметтерді қосқанда 100 мыңға барып қалады. Үй кезегіне 2009 жылы тұрдым. Дәл қазір алдымда 220 адам бар. Қоныс тойын жақын арада тойламаспын. Көп үміт те артпаймын.

Әкімдіктің кезегін күтпей, пәтерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы да қол жеткізуге болады. Себебі, ата-ана қарауынсыз қалған және жетім балаларға ай сайын үкіметтен жәрдемақы төленеді. Қаражат Отбасы банктегі шотқа аударылады екен. Оны жұмсау құқығы азаматқа тек 18 жасында беріледі. Виктория Голубцованың келешекке артқан үміті де, жоспары да зор. Бойжеткен небәрі 18 жаста. Қазір ол жергілікті университеттің екінші курсында білім алуда. Болашақ география және тарих пәнінің мұғалімі пәтер мәселесіне ертеректен қамданыпты. Отбасылық үлгідегі балалар ауылына Виктория 2009-да келген. Ал, 2010 жылы қалалық әкімдіктің кезегіне 2500-ші болып бекітіліпті.

Виктория Голубцова – Жеткіншектер үйінің тәрбиеленушісі:

– Қазір кезекте 151-іншімін. Соңғы уақытта жетім балаларды пәтермен қамтуға қарқын қосылды. Алдағы бірнеше жылда әкімдіктен берілетін баспанаға қол жеткіземін деген ойдамын. Ал ай сайын мемлекеттен шотыма аударылатын қаражатты әзірге қозғағым келмейді. Үй мәселесі шешілетін болса, қомақты қаржыны білім алуға жұмсағым келеді.

Жеткіншектер үйін қазір 40 жас мекен етуде. Мекемеде қыз-жігіттерге барлық жағдай жасалған. Бозбала мен бойжеткендер мұнда балалар үйінен шыққаннан кейін келіп, 23 жасқа толғанша тұра алады.

Валерий Сартин – Жеткіншектер үйі директорының орынбасары:

– Бұрынғы тәрбиеленушілердің бірі жиі хабарласып, көмек сұрап тұрады. Қазір Петропавлда жұмыс істеп жатыр. Бірақ, пәтер мәселесі қиындық тудыруда. Үй жалдау аз ақша емес. Абырой болғанда биыл оған әкімдіктен баспана кілті табысталады.

Жылдан жылға өңірдегі құрылыс қарқыны артып келеді. Бой көтеріп жатқан баспаналардың бір бөлігі әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне арналған. Бір ғана мысал, өткен жылы жетімдер санатындағы азаматтардан пәтерге тек 30 адам қол жеткізген. Ал биыл бұл сан еселей түспек.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– 15138 адам пәтер кезегінде тұр. Оның 1700-ге жақыны – жетім балалар санатындағы азаматтар. Биыл олардың 125-і пәтер алады.

Әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне қазір Береке ықшам ауданынан 5 бірдей су жаңа баспана тұрғызылып жатыр. Жыл соңына дейін 556 отбасы көптен күткен пәтеріне қол жеткізеді деп жоспарланған.

 

Эльмира Садвокасова