Жас муайтайшылар ел чемпионатында үздік атанды

Спорт

23:05 2 Маусым 2021

Мадали Табулдинов алдымен атыраулық спортшымен кездеседі. Екеуінің де салмақ дәрежесі – 48. 11 жастағы муайтайшы Мадали қарсыласын оңай жеңіп, екінші бәсекелесін тіпті нокаутқа жіберген.

Мадали павлодарлық қарсыласын тізе бүктіргеннен кейін маңғыстаулық қарсыласын да жеңеді. Осылайша, додада үздік атанып, Алматыдан 1-ші орынмен қайтқан.

Мадали Табулдинов – муай-тайдан Қазақстан чемпионы:

– Соңғы кездесуде жаттықтырушымның айтқанына құлақ аспай осалдық танытқан тұстар болды. Жеңіліп қаламын ба деген үрей басты. Бірақ, эмоцияға берілмей, бар күшімді жинап, тез әрі дәл соққы жасауға тырыстым. Жекпе-жекке қатты беріліп кеткендігім соншалық, ұпайды көп жинап, жеңіске жеткенімді байқамай да қалдым.

Қазақстан чемпионатында солтүстікқазақстандық 4 спортшы 1-ші орын иеленді. Мадали Табулдинов пен Камила Табулова есімді 11 жастағы жеткіншек әлем біріншілігіне жолдама алып отыр. Қалғандарының жасы 10-ға жетпегендіктен байрақты бәсекеге бара алмайды. Ал күмісті 3 жерлесіміз қанжығалапты. Солардың бірі – Асанәлі Рамазан. Ол 34 келі салмақ дәрежесінде 4 кездесу өткізген. Соңғысында ұпай сандары бойынша қарсыласына есе жіберіп алып, екінші орынды қанағат тұтыпты.

Асанәлі Рамазан – муай-тайдан өткен Қазақстан чемпионатының жүлдегері:

– Шымкент, Орал және Алматы қалаларының спортшыларымен жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңдім. Алайда, шешуші сындағы қарсыласым әлдеқайда мықты болды. Айласына алданып, тізек бүктім. Жеңілісім намысымды одан әрі қайрай түсті. Келесі жолы алтыннан алқа тағынатын боламын.

Солтүстікқазақстандықтар қоладан да кенде емес. Мамырдың 25-і мен 30-ы аралығында өткен жарыста 4 муайтайшы 3-ші орынға ие болған.

Иван Ван-Хон-Тун – муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Балалар мен жасөсіпімдер арасында өткен чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 400-ге жуық спортшы қатысты. Өңіріміздің намысын 20 бала қорғап қайтты. Оның 11-і жақсы нәтиже көрсетті. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы жарыстарға да қатысып, үздіктер қатарынан көрінуге тырысамыз.

Айта кетейік, муай-тайдан әлем чемпионаты желтоқсанда ұйымдастырылады. Байрақты бәсеке Тайланд елінде өтпек.

Маржан Касымбек

 

 

Бұдан әрі оқыңыз

Евгений Павлов – үздік он боксшының қатарында
Шаһарда жеткіншектер арасында шайбалы хоккейден ел біріншілігі өтуде
Теріскейлік гір көтерушілер ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетті
Солтүстікқазақстандық палуандар 2 бірдей жарысқа қатысып қайтты
Теріскейліктер Президенттік көпсайыстан олжалы оралды
“Qyzyljar” ФК тағы да ұтылды
Жергілікті “Qyzyljar” ФК қостанайлық “Tobyl”-ға есе жіберді
Петропавлда “Fitness Park KZ” жобасы аясында бұқаралық жаттығу ұйымдастырылды
Құлагерліктерді беларустық маман баптамақ
Жерлес пауэрлифтингші Азия чемпионатында топ жарды
Алексей Луценко халықаралық веложарыстың 4-ші кезеңінде топ жарды
Жергілікті “Qyzyljar” ФК ақтаулық “Caspiy”-ді тізе бүктірді