МТРА жаңалықтары

Тұрғындар саяжайларына жаяулап жетіп жүр

– Ни одного знака на Заречной нет. Машины вот так вот. Одна за одной на такой скорости летят. Идешь и боишься.

Ольга Еременко Заречный кентіндегі саяжайына 21-ші автобустың көпір тұсындағы соңғы аялдамасынан түсіп, жаяу барады. Өзі жалғыз емес, көбіне немересін ертіп жүреді. Саяжайға жеткенше жанымызды шүберекке түйіп өтеміз дейді. Бұған дейін бұл бағытта 2-ші автобус қатынаған екен. Айтуынша, биыл осы қоғамдық көліктің өзінің жүруі қиындап кеткен. Аялдамада 2 сағаттап күту қажет дейді. Амал жоқ, жаяу-жалпылап шығуға тура келеді.

Ольга Еременко – қала тұрғыны:

– Көліктері бар жандар емін-еркін жүре береді. Машақатқа зейнеткерлер тап болып отыр. Бос жүрмейміз. Дорба-сөмкелеріміз бар. Қысқы азықты осы бау-бақшамнан аламын. Қиындыққа тап болдым деп оны тастағым келмейді. Бұл мәселе тезірек шешілсе екен.

Мәселенің көп ұзамай шешілуін Ольга Еременко ғана емес, саяжайларына жаяу-жалпылап жетіп жүрген өзге тұрғындар да күтуде. Бау-бақшадағы жеміс-жидек пен көкөніс күтімді күнделікті қажет етеді. Ал қазіргі жағдайда әрі аптап ыстықта саяжайға жетудің өзі бір мұңға айналып отыр. Бағбандардың дені зейнеткерлер екенін де естен шығармаған жөн.

– Сенбі-жексенбі мүлдем жүрмейді деп айтуға болады. 1,5 сағат отырдым жете алмай. Такси шақыруға тура келді. Қазір таксидің өзі де келе қоймайды.

– Мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырмыз. Көлікпен жеткізіп салатын ешкімім жоқ. Шұғыл түрде бір шара қолдануларыңызды сұраймынн.

Проблеманы шешу үшін саяжай иелері бірнеше рет қалалық әкімдікке жүгініпті. Бірақ, бұл істерінен түк шықпаған. Барлығы бір-біріне сілтесе керек. Қоғамдық көліктің уақытылы жүрмеуін әкімдік өкілдері жүргізушілердің жоқтығымен түсіндірді. Яғни, көлік бар, оны басқаратын адам жоқ.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі кезде біз мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Оларға қажетті хаттамаларды жібердік. Орнын басатын басқа мердігер іздестірудеміз. Табылған жағдайда қазір қатынап жүрген мердігерлермен келісім шарт бұзылатын болады.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша жаңа мердігермен келісім шарт жасалған кезде жүргізуші саны да еселей түседі. Мәселе шешімі – уақыттың еншісінде.

 

 

Алтынай Казиканова