МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданында қоныстанушыларға арналып 40 баспана салынады

Тимирязев ауданында егін егуге арналған аумақтың жалпы көлемі 262 мың гектарды құрайды. Танаптың басым бөлігіне, яғни 200-ден астам гектарына – дәнді және бұршақты дақылдар, ал қалғанына майлы өнім егіліп жатыр. Сондай-ақ, ауданда соңғы 4 айда 1 млн тоннаға жуық ет пен 400 тоннаға жақын сүт өндіріліпті. 1 млн дана жұмыртқа шығарылған.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Былтыр ауданда құс тұмауынан біраз қанатты қырылып қалды. Биыл соның орнын толтыру үшін құс бағумен айналысатын кәсіпорындарға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп жатыр.

Ауданда биыл 6 елді мекенде 40 баспана салынады. Үйлер оңтүстік өңірлерден қоныс аударушы ағайынға беріледі. Жаңа нысандардың сапалы болуын Нұрлан Кеңесов өз бақылауыма алдым деді. Себебі, өткен жылы бой көтерген кейбір баспаналарда кемшіліктер анықталып, тұрғындар қыстың суығынан жаурап шыққандығын айтқан. Мұндай жағдайды Тимирязево селосының қақ ортасында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары да бастан кешірген.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Аудан орталығындағы көпқабатты нысандар биоқазандыққа қосылған. Үйлер соның көмегімен жылытылады. Бірақ, осы жолы 4 бірдей қазандықтың барлығы тозығы жеткендіктен істен шығып қалды. Қазір пештерді жаңасына ауыстырып жатырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, аудан тұрғындарына айтарым бар. Құбырларды жуып-шаю жұмыстарын уақытылы жүргізіп отырыңыздар. Шаруа дер кезінде атқарылмаса, күзде жылу да берілмейді.

Былтыр 6 елді мекеннің 7 жарым мың тұрғынына таза ауыз су жеткен. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен – 15, республикалықтан 31 млн теңге қаражат жұмсалған. Биыл тағы 9 ауылға су мұнарасы салынбақ. Алайда, 7 селода жұртшылық тіршілік көзінен таршылық көріп отыр.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Су станциясы салынбаған ауылдардағы колонкаларға жөндеу жүргіздік. Биылғы жоспар жүзеге асырылған соң, осы елді мекендерге де құбыр өткізілетін болады. Жоба әзірленіп жатыр. Су станциясын нақты қай жерге тұрғызуға болатындығын мамандармен ақылдасып, белгіліп жатырмыз.

Жаз кезінде бірқатар мектептер жөндеу көріп, ауылішілік жолдар қалыпқа келтіріледі, көшелерге жарық шамдары тартылады. Нұрлан Кеңесов күзге дейін ауданда біраз оң өзгеріс орын алады деп сендірді.

 

 

Маржан Касымбек