Мәдениет

Петропавлда суретші Виталий Жуковтың көрмесі бастау алды

Құпияға толы әлем. Күнделікті қарбалас тірлікті ойлап, көбіміз айналадағы сұлулықты байқай бермейміз. Ал көңіл-күй көтеріңкі болып әрі үнемі жадырап жүру үшін Табиғат-анамен жиі сырласып тұрған жөн. Бұл – суретші Виталий Жуковтың пікірі. Қылқалам шебері өз туындылары арқылы әлемнің қаншалықты құдіретті, көркем екендігін көрсеткісі келіпті.

Виталий Жуков – суретші:

– Әр суретшінің өзіндік ерекшелігі бар. Мен адамзатқа табиғаттың сырын жеткізгенді қалаймын. Әлемді менің қиялым арқылы таныңыздар. Себебі, біз өмір сүретін жер сұлу әрі сырға толы.

Туындылардың басты ерекшелігі бұл ғана емес. Шебер суретші бояу түрлерін бір-бірімен араластырмаған. Пазл қалай жиналса, суреттер де дәл солай салынған. Картинаны тамашалап, мәнін ұғыну үшін біраз алыстан қарап, бақылау қажет.

– Суреттер көңілімнен шықты. Жан дүниеңді тебірентіп жібереді екен. Өзім Виталий Жуковтың туындыларымен алғаш рет танысып жатырмын.

– Әр туындыдан философиялық ойға шомасың. Бастапқыда ненің бейнеленгенін түсіну қиын. Суреттер маған сонысымен ұнап жатыр.

Судағы кеме, орман, толқындары тулаған Есіл өзені. Әр картина көздің жауын алады. Мына туындыда қаланың тып-тыныш күйге енген сәті бейнеленіпті. Қызылжардың жарлары да алыстан байқалады.

Виталий Жуков – суретші:

– Мен көп картинаны дүниеге әкелдім. Көрмеге ең үздік дегендерін алып келдім. Жерлестеріме еңбектерім ұнап жатыр. Бұл маған алға қойған жоспарларымды жүзеге асыруға үлкен шабыт береді. Жыл соңына дейін өнерсүйер қауымды тағы бір көрмемен қуантуды жоспарлап отырмын.

Солтүстікқазақстандықтар суретшінің қиялынан туған туындыларды облыстық бейнелеу өнері музейінен тамашалай алады. Көрме жаздың соңына дейін жалғасады.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек