МТРА жаңалықтарыХалық тарих толқынында

Ашаршылықтың азабы

“Кеше қазы-қарта жеген қазақ азып барады. Халық даладағы тышқанды, ағаш қабығының астындағы мүкті жеп қырылып жатыр”. Ақын М.Жұмабаев 1921-22-дегі Солтүстік Қазақстандағы ашаршылықты осылайша сипаттаған. Алайда, қазақ даласын қан қақсатқан аштық мұнымен бітпеді. 30-шы жылдары млн-даған отандасымыз ішерге су, жеуге нан таба алмай өмірден озды.

 

20-шы ғасырдың бірінші жартысында ұлтымыз күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Бар-жоғы 15 жылдың ішінде 3 мәрте аштықты бастан кешірді. Алғашқысы 1917 мен 19-дың аралығында болды. Кеңес Одағы құрылып, көшпелі халықтың мал-мүлкі сонда бірінші рет талан-таражға түсті. Жұртшылық есін енді жиғанда 1921 жылы әскери коммунизм саясаты қолға алынып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын теңестіру басталды. Ол аздай Ресейдің Еділ бойындағы елді мекендерде де қуаңшылықтан бидай шықпай қалды. Орыс халқы тамақ іздеп теміржол арқылы Петропавлға ағылды.

Зарқын Тайшыбай – академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


– СҚ мемлекеттік архивінде сақталған құжаттардан қарайтын болсақ, кей күндері поезбен ішкі Ресейден – 500-600, 1 мың-2 мың аш-арық келіп отырған. Кей күндері біздің теміржол вокзалында еш құжаты жоқ 5мың, 10 мың аш-арықтың жүргендігі айтылады.

Жергілікті билік аш-арықтарға көмек қолын созуға кіріседі. Солтүстікқазақстандықтардың алдынан тамақты жырып, келген ресейліктерге ұсынады. Теңестіру кезінде мал-мүліктерінен айырылған көшпелі халықтың күйі тез ушығады. Осылайша, қазақтар қырыла бастайды. Жер-жерде аш-арықтарға көмек көрсету бойынша комиссиялар құрылады. Петропавлдағы кеңестің төрағасы ретінде М.Жұмабаев тағайындалады. Күнделікті ауыл мен қалада өзегі талған адамдарды көрген ақын сол кездегі «Мир труда» газетіне «Сарыарқадағы аштық» деген мақала жазады. Барлық жағдайды баян етіп, халыққа көмек көрсетуді сұрайды.

Зарқын Тайшыбай – академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


– Қала жанындағы ауылдардың тұрғындарынан тамақтарын тартып алған, мал жоқ, олар қала көшелеріне келіп, қырылып жатыр. «Мағжанның мынадай сөзі бар: «Қазақ халқы азып барады. Кеше қазы-қарта жеп отырған қазақтар, даладағы тышқанды, жеуге болады-ау деген нәрселерді, ағаш қабығының астындағы мүкті жеп қырылып жатыр.

Аш-арықтарға көмек көрсету бойынша республикалық комиссияны сол кезде М.Әуезов басқарған. Жазушының деректеріне сүйенсек, 1921-22 жылдары 1 млн 700 мың адам тамақ таба алмай көз жұмған. Тарихтың қанға боялған беттері мұнымен бітпейді. 1930-33 жылдардағы ашаршылықтың үшінші кезеңі қазақ халқын жер бетінен тіптен жойып жібере жаздады. Кеңес үкіметінің мақсаты да сол еді. Сталин Голощекинді Қазақстанға осы тапсырманы орындауға жіберді. Елімізде күштеп отырықшыландыру, ұжымдастыру басталды.

Голощекин әр адам басына салық салды. Егін еге ме, жоқ па, мал өсіре ме, өсірмей ме – бәрібір. Жанұялар мал, сүт, бірнеше пұт астықты тапсыруға міндеттелді. Уақыт өткен сайын талап күшейе берді. Осылайша ұжымдастырудың бас кезінде бір облыс 160 мың бас төрт түлік өткізуі тиіс болса, 3 жылдан кейін 1,5 млн мал тапсырулары қажет еді. Бірақ, қазақ жерінде млндаған мал емес, ашаршылықтың құрбаны болған млндаған өлік болды. Сол кездегі мемлекет қайраткері Ораз Жандосов Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы жағдайды былайша сипаттаған.

– Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім… Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді.

3 жылдың ішінде 3 млн 400 мың қазақ ашаршылықтың құрбанына айналды. Оның ішінде 1 млн-ы көрші елдерге босып кетті. Бұл – Кеңес үкіметінің ресми дерегі. Тізімге енбей қалған Сталин мен Голощекиннің “кіші қазан” төңкерілісінен қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз…

Эльмира Садвокасова