Балалар

Жазғы лагерьлер қаншалықты дайын

«Аққайың» лагері 2018 жылдан бастап жеке кәсіпкерге сенімді басқаруға берілген болатын. Содан бері демалыс орнына біраз жөндеу жүргізілді. Нысандардың іші-сырты боялып, түрлі түсті өңге енген. Асхана мен сахна қалыпқа келтірілді. Былтыр қатаң карантиндік талаптарға байланысты лагерьлер бала қабылдамаған еді. Осы уақытты Евгений Дулов тиімді пайдаланып, жазғы лагерьді жаңартып алдық дейді.

Евгений Дулов – кәсіпкер:

– Лагерьдегі терезелердің барлығын пластикке ауыстырдық. Нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 6 мен 7 жасар балақайларға арнап бөлек корпус тұрғыздық. Жаздың салқын кезінде ұл-қыздар тоңып қалмасын деп жылыту жүйесін жаңарттық, жаңа монша салдық.

Қазір лагерь қызметкерлері кішкентай қонақтарды қабылдауға қызу дайындық үстінде. Балалар жататын төсек-орын тазаланып, нысан іші толығымен залалсыздандырылып жатыр. Демалыс орнында карантиндік талаптар қатаң сақталатын болады. Басшылық қаладағы кір жуатын орындармен де келісім шарт жасасқан екен. Ал қызметкерлердің өздері вакциналаудан өтіп жатыр.

Жәнипа Манбетеева – «Аққайың» жазғы сауықтыру лагері директорының міндетін атқарушы:

– Штат толығымен жинақталған. Балаларға тәрбиешілер мен тәлімгерлер қарайды. Мұндағы қызметкерлердің бәріне вакцина қойылуда. Сондай-ақ, демалуға келетін балалардың барлығы ПТР сынама тапсырады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары тестті тегін жасатады, ал жолдаманы сатып алғандарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

«Аққайың» лагері балаларды маусымның 15-інен бастап қабылдайды. Сол уақытқа дейін мұндағы ішкі және сыртқы өңдеу жұмыстары толығымен аяқталады. Қазір демалыс орны 70 пайызға дайын. Оқушыларды маса-кенеден қорғау үшін лагерь аумағында дәрілеу жұмыстары жүргізілген.

 

 

 

Бердимурат Баймухан