Мәдениет

“Солтүстік Қазақстан облысы топонимдері” жинағының тұсауы кесілді

Өзге өңірлермен салыстырғанда теріскей аймағы елді мекендер мен өзен-көлдерге өте бай. Оған тұсауы кесілгелі тұрған мына “Солтүстік Қазақстан облысы топонимдері” жинағы дәлел. Сиясы әлі кеуіп үлгермеген еңбекте 2400 ауыл мен су айдынының аталу тарихы жазылған.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Кітапты жазып шығаруға Нұр-Сұлтан қаласының ғалымдары, соның ішінде Иманбердиева Сәуле, Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, академигі Зарқын Тайшыбай мен облыстық архив директоры Сәуле Мәлікова ат салыстық. Бұл – көптен бері жинақталған материалдарды бір жүйеге келтіре отыра шығарған Солтүстік Қазақстан облысы топонимдері туралы жазылған алғашқы кітап.

Тұсаукесер рәсімі бекерден-бекер облыстық архив қабырғасында өтіп жатқан жоқ. Жинақтағы мәліметтердің басым бөлігі осы жерден алыныпты. Сондай-ақ, бірқатар дерек Ресей архивтерінен сұратылған.

Кеңес үкіметінің солақай саясаты қазақ жерінің атауларына да өз кесірін тигізіп біразы бұрмаланды. Бұл тәуелсіздік алғанға дейін жалғасты. Егемендікке қол жетіп, көнерген атаулардың бұрынғы кескін-келбеті қайтарылып жатыр. Бұл жайлы «Солтүстік Қазақстан облысы топонимдері» жинағында кеңірек жазылған.

Зарқын Тайшыбай – М.Қозыбаев атындағы СҚУ академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Президентіміз айтқандай: “Ұлы дала – қазақтың мекені”. Ал Кеңес үкіметі кезінде бұл жерлер иесіз қалғандай көрінді. Содан соң бос жер деп Ресейден келімсектер әкеліне басталды. Олар, әрине, келген бетте жер-су аттарын өзгертті. Оған қарсы тұратын ол кезде қазақтарда күш болмаған.

Туынды 30 данамен басылып шығыпты. Еңбек еліміздің әр облысына таратылмақ. Авторлар алдағы уақытта таралымын арттыруды жоспарлап отыр. Айта кету қажет, қазіргі таңда еліміздің 3D картасы әзірленіп жатыр. Оған бүгін тұсауы кесілген еңбектегі деректер енгізілмек.

 

Алдияр Айтпаев