МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық ҚХА-ның XXV сессиясы өтті

Татулық пен бірліктің арқасында Қазақстан өркендеп, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жақындап келеді. Қазіргі күні өңірімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілі бір шаңырақтың астында иық тіресе қызмет атқарып, республикамыздың дамуы үшін жұдырықтай жұмылуда. Осы орайда аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жиналған қауымды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясының ашылуымен құттықтап, алғысын білдірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы халқы осыдан 30 жыл бұрын бірлікте, бейбітшілік пен келісімде алға жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады. Тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейін экономика мен саясатты, әлеуметтік саланы, тіл мен мәдениетті дамытудың барлық түйінді мәселелері бойынша қол жеткізілген қоғамдық бірлік пен келісім – біздің жеңістеріміздің шешуші факторы болып табылады.

Қазіргі күні қаламызда аккредиттелген 21 этномәдени бірлестік бар екен. Алқалы жиынға келген түрлі ұлт өкілдері тәуелсіздіктің 30 жылында атқарған еңбектері мен жеткен жетістіктері жайлы баяндама жасады. Мінберге шыққандардың денін жастар құрайды. Бұл облыстағы кейінгі буын арасында білімді де белсенді жандардың көп екенін көрсетеді. Тағы айта кететін жайт, қазіргі күні өңірімізде грек ұлтының 100-ден астам өкілі тұрады. Олардың барлығы кезінде Қырым мен Красноярск қаласынан депортацияланған. Бүгін қала тұрғындарының бірі Георгий Харачиди Петропавлда «Грек этномәдени» бірлестігін құру жөнінде ұсыныс тастады.

Георгий Харачиди:

 – Мен еркін күрестен жаттықтырушымын. Облысымыздың балалар мен жасөспірімдер құрамасын баптаймын. Бос уақытымда түрлі қайырымдылық іс-шараларға қатысып, қоғамдық іске белсенді араласамын. Ұсынысымды құпталып жатса, жерлестерімді грек ұлтының салт-дәстүрі, киімдері және тағамдарымен таныстырғым келеді.

Шара соңында өңірдің белсенді азаматтары марапатқа ие болды. Оларға облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз атынан алғыс хат табыстады.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан