ТКШ

Әткеншектердің сапасы сын көтермейді

Кәрім Сүтішев көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің ауласы. Алыстан қарағанда қарапайым ойын алаңқайы. Бірақ, бұл пікір көп ұзамай өзгерді. Жақындай барып қарап едік, балалар үшін салынған алаңнан бірқатар кемшілік табылды.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Мұндағы әткеншектердің жағдайын білу үшін арнайы маман шақыртудың қажеті жоқ. Кез келген адам жай ғана отырып, тексере алады. Біреуін сынақтан өткізіп көрейін. Өкінішке қарай, мына бірінде орындықтың жартысы жоқ. Келесісіне назар салыңыздар. Мұндағы арқа сүйейтін тақтай мүлде түсіп қалыпты.

Келесі әткеншек сынайын деп тұр. Балалар асыр салған кезде морт етіп бөлініп кетуі әбден мүмкін. Бұл жердегі жағдай қауіпсіздік деген ұғымға сай келмейді. Өкініштісі, мұндай көріністі қаладағы бірқатар алаңнан байқауға болады. Бәзбіреулер тот басқан темірді “жыртыққа жамау тіккендей” жай бояй салған.

– Бір күні алаңқайдағы сырғанақ қозғалып кетіп, үстінде тұрған кішкентай бала жерге құлап түсті. Әйтеуір, ешбір жері жарақаттанған жоқ. Ал телефонға қарап тұрған анасы не болғанын байқамай да қалды.

– Қалада қауіпті ойын алаңқайлары жетерлік. Жаңа орнатылғандары да, ескілері де арнайы талаптарға сәйкес келмейді.

Осы кезде заңды сұрақ туындайды. Әткеншектер қандай талаптарға сай болуы қажет?

Лаура Жақыпова – ҚР ИДМ техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Әр нысанның өзіндік құжаты болуы керек. Онда әткеншектің неден жасалғандығы, қалай құрастырылғандығы – бүкіл ақпарат жазылады. Ойнауға арналған дүниелер берік әрі сапалы материалдан жасалуы тиіс. Егер ол сынып не майысып қалса, бірден жөнделуі керек немесе мүлдем алып тасталуы қажет. Өйтпеген жағдайда баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төнеді.

Бейінді департаменттің бас маманы Лаура Жақыпова қаладағы ойын алаңқайларының барлығы бірдей тиісті стандартқа сәйкес келеді деу артық айтқандық болар дейді. Мәселен, Жәлел Қизатов көшесі жағындағы алаңқайдың бүгінгі жағдайы мынадай. Әткеншектердің тозығы жетті дейін десек, ескі емес. Күл-талқаны шығып жатыр. Ойын баласының ойынына шыдамаған әткеншектердің сапасы сын көтермейді әрі тұрғындар тарапынан да жауапкершілік қажет-ау.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Әр алаңқайға 2 жылға кепілдік беріледі. Сынып қалса, жауапты компания жөндеуі тиіс. Ол алаң жаңа емес. Элементтердің көбі ұрланған. Алаңқайда ересек балалар да ойнайды. Сондықтан, әткеншектер сынып жатыр.

Демек, Қизатов көшесі жағындағы алаңды салған жауапты мердігер жөндеу жұмыстарын жүргізбейді. Себебі, құжат бойынша кепілдік мерзімі аяқталған. Нысанның болашағы белгісіз. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін алаңқайдың жағдайына пәтер иелері кооперативтері жауапты.

Юлия Андроненко – ПИК төрайымы:

– Жаңа деп орнатып берген әткеншектер бір жылға жетпей бұзылып, сынып қалады. Дөңес сырғанақтар пен алтыбақандардың шегелері шығып кетеді. Сапасыз материалдан жасалған. Құжат бойынша мердігер 2 жыл күтіп ұстауы керек. Бірақ, жауапты компанияны орнату жұмыстарынан кейін мүлде таппай қаласың. Бәрін өзіміз істеуімізге тура келеді.

“Рахат үй” кооперативінің төрайымы Юлия Андроненко қаладағы 5 балалар алаңқайының жағдайына жауапты. Өзгелерден үмітін үзген жан әр әткеншекті өзі сырлап, өзі жөндеп отырады екен.

Юлия Андроненко – “Рахат үй” ПИК төрайымы:

– Жыл сайын тұрғындардан әткеншектерді қалыпқа келтіру үшін ақша сұрай бергің келмейді. Бірі түсіністікпен қараса, екіншісі сол жерде өз баласы ойнаса да бізге қарсылығын білдіреді. Сондықтан, бәрін қолда бар материалмен жөндеп отырамыз.

“Барға шүкіршілік етіп отырмыз”,- дейді Юлия Андроненко. Алайда, қаладағы 250 аулада мұндай алаңдар атымен жоқ екен. Балалары көрші баспаналардың ауласын аралап, ойнайтын жер іздеп жүретін көрінеді.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

 – Биыл қала бойынша 60 балалар ойын алаңқайы құрылмақ. Бұл мақсатқа 150 млн теңге бөлінді. Әрқайсысы 2,5 млн теңге тұрады. Оған 11 элемент кіреді. Құм мен қоршауы да болады.

Осылайша, жыл соңына дейін 60 аулада тұратын балалардың арманы орындалмақ.

 

 

 

Маржан Касымбек