МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Онкологиялық орталыққа жаңа МРТ аппараты қойылды

Облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығына жеткізілген МРТ аппаратының қауқары зор. Заман игілігінің арқасында ауырсынған жерді бірден анықтап, уақытында тиісті емдеу тағайындап, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Ольга Пукса – Облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Бұл қондырғы кез келген мүшеге сапалы диагностика жасауға мүмкіндік бермек. Біз онымен адамның бас миына, омыртқаға, мойынға, кеуде тұсына, беліне, қарынның көк етіне, кіші жамбасына және өзге де ағза мүшелеріне зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Аппарат ұсынатын бейне өте сапалы болмақ.

МРТ аппараты тәулік бойына жұмыс істеп, кезек санын әжептеуір қысқартуға септеспек. 24 сағат ішінде 35 науқасқа қызмет көрсету жоспарланып отыр. Сақтандырылған жандар тексеруден тегін өте алмақ.

Қабдрахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Тағы 2 жеке меншік ұйымда осындай қондырғы жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде алдағы 3-4 аптада облыстық көпбейінді ауруханадағы кезек санын 70%-ға қысқартамыз. Қазіргі уақытта МРТ аппараттың қарауынан өту үшін 2 жарым ай қажет. Алдағы уақытта 20-25 күнді құрамақ.

Шетелдік қондырғы Петропавлға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеткізіліп отыр. Медициналық аппарат 602 млн теңге тұрады. Айта кетейік, бұл – өңірде соңғы 2 жылда пайда болған 2-ші заман игілігі. МРТ аппаратымен танысқан облыс әкімі алдағы жоспармен де бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Стандартқа сәйкес, 1 МРТ аппараты 100 мың тұрғынға қызмет етуі керек. Біздің өңірге 5 МРТ аппараты қажет. Қазір облысымызға біраз қаражат бөлініп жатыр. Осының арқасында келесі жылы тағы 2 МРТ аппараты қойылатын болады.

Жылдан жылға облысымыздың денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі артып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда 10 млрд теңгеге жуық тартқа қаржы бағытталып, қажетті қондырғылар алыныпты. Биыл да әжептәуір ақша жұмсалмақшы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылы 3 млрд теңгеге қажет ететін қондырғылар алынатын болады. Оның ішінде 2 компьютерлік томограф та бар. Олар көпсалалық облыстық ауруханаға және облыстық балалар ауруханасына қойылатын болады.

Заманауи қондырғылардан бөлек, облысымыздың денсаулық сақтау саласына білікті кадрлар да қажет. Өңір басшысы үстіміздегі жылы 130 жуық маманның келетіндігін мәлім етті. Олардың әрқайсысына 2 жарым млн теңгеден көтермеақы берілмек. Бұл ел бойынша ең жоғары көтермеақы екендігін айта кетейік.

Байболат Култанов