БалаларМәдениет

Облыс кітапханашыларының семинары өтті

Интернет өмірімізге әбден сіңгелі балалар мен жастар арасында кітап оқуға құлшыныс азайды. Бірақ, көркем және ғылыми әдебиеттің өзектілігін жоғалтпасы анық. Араға бірнеше жыл салып, ақ параққа басылған проза мен поэзия кейінгі ұрпақ өміріне қайта оралуда. Оң тенденцияны жалғастыру үшін кітапхана қызметкерлері де барынша ат салысып жатыр. Өз әдіс-тәсілдерімен мамандар бүгінгі семинарда бөлісті. Жұмысы мақтауға тұрарлық мәдениет ошақтарының бірі – Уәлиханов аудандық кітапханасы. Ұл-қыздардың кітапқа деген махаббатын марафон, челлендж және акциялар арқылы оятуда.

Жанаргүл Мүшелбай – Уәлиханов аудандық кітапханасының кітапханашысы:

– Біз балаларды жалықтырмас үшін мынадай әдісті қоданамыз. Алдымен оқитын кітапты таңдап, оны өзара талқылаймыз. Кейін оның кейіпкерлерін балаларға бөліп, сомдаймыз. Мысалы, Ы.Алтынсариннің “Алтын сақасын” осылай сахналадық.

Бұл – “Біз оқимыз” марафоны. Одан бөлек, мамандар “Жазғы оқу” шарасын ұйымдастырмақ. 3 ай қатарынан күн сайын 1 сағаттан кітапханашылар жеткіншектермен көркем әдебиетке ден қояды. Ғ.Мүсірепов аудандық балалар кітапханасы болса, қазір кітап қорын толықтыруға басымдық беруде. Себебі, оқырмандары жылына 30 мыңдай кітапты алып оқиды.

Елена Тимощук – Ғ.Мүсірепов аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:

 – Қазіргі таңда балалар классикадан басқа жанрларды сүйіп оқиды. Бүлдіршіндерге арналған 3D және 5D кітаптар қорын толықтырудамыз. Себебі, балғындарға ән айтып, ертегі оқитын функциясы бар туындылар аса қызық, Журналдарды парақтап, әңгіме және мақалалармен танысуға келетін жеткіншектер де аз емес. Жалпы, ұл-қыздардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятып, одан әрі арттыруға қажет деген кітаптардың барлығын алуға тырысамыз.

Аудандық кітапханалар төрт қабырғадағы шаралармен ғана шектелмейді. Мамандар акция мен челлендждерін жаңа деңгейге шығаруда. Яғни, әлеуметтік желілерде белсенділіктерін арттырып жатыр. Бұл ретте барлық мәдениет ошақтарына облыстық Мұқанов кітапханасы – үлгі. Қара шаңырақта 40-қа жуық түрлі форматтағы шара өтсе, оның тең жартысы инстаграм мен фейсбуктегі оқырмандарына арналады. Қызметкерлердің еңбегі еленді. Республикалық “Рухани қазына-2021” байқауында Мұқанов кітапханасы “Әлеуметтік желілердегі ең белсенді” деген номинацияны жеңіп алды. Тағы бюджеттен тыс қаражатты тарту бойынша үздік атанды.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК бас кітапханашысы:

– СҚУ профессоры Любушин бізге 10 мың кітабын берді. Абонемент бөлімінде “Любушин қоры” деген қор бар. Белгілі жазушымыз М.Қанғожин өз кітаптарын берді. Белгілі генерал Абай Тасболатов өз кітаптарын сыйға тартты.

Бүгінге дейін Мұқанов кітапханасына жергілікті белгілі тұлғалар, ұйым мен мекемелерден жалпы саны 100 мыңнан аса кітап сыйға тартылыпты. Мәдениет ошағының жалпы қоры 600 мың дана туындыны құрайды.

Эльмира Садвокасова