МТРА жаңалықтарыҚоғам

Азық-түлік сапасына қатысты рейд өтті

Бұл кадрлар телефонға түсірілген. Қаламызда орналасқан супермаркеттердің бірінің табалдырығын аттар-аттамастан әкімшілік бізді дәл осылай айғаймен қарсы алды. Әйтеуір, бір амалын тауып, ол кісілерге “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” заңға сәйкес мұндай жерлерде түсірілім жүргізуге болатынын түсіндірдік. Сөйтіп, әзер дегенде ішке өттік. Тексерісіміз басталып кетті. Алдымен облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының өкілдері сүт өнімдеріне қарай бет алды. Қолдану мерзімі өтіп кеткен өнімдерді анықтау үшін көп уақыт қажет емес. Сөрелердің алдыңғы қатарындағы мына «Президент» маркалы сүзбелердің барлығының мерзімі кеше таусылған.

Ал мынау – “Lactel” маркалы сүт коктейлі. Өнім 3 жастан асқан бүлдіршіндерге арналған. Тауардың сақтау мерзімі 5 күн бұрын өтіп кеткен. Бірақ, ондаған тетрапакеттегі өнім саудадан алынып тасталмаған. Бұл жөнінде супермаркет әкімшілігін хабардар еттік. Алайда, ол қандай да бір мәлімдеме беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Дана Сәлімқызы:

– Қаладағы супермаркеттердегі сөрелер әрдайым азық-түлікке толы. Алайда, кейде тұрғындар сапасыз немесе сақтау мерзімі өтіп кеткен тауарларға тап болып жатады. Мысалы, мына 4 айлық балаларға арналған алма езбесінің сақтау мерзімі 1 ай бұрын өтіп кеткен.

Ең сорақысы осы. Құндақтағы сәбилер осындай сапасыз тауарларды тұтынуға мәжбүр. Біріншіден, мерзімі өтіп кеткен, екіншіден, өнім сыртындағы таңбалауда не жазылып тұрғанын лупамен де көру мүмкін емес. Бұл олқылықтардың бір парасы ғана. Іздей берсең, сөрелерден сан түрлісі табылады. Бірақ, кейбір жандардың мұндағы сөреге қойылған өнімдерге көңілі толады.

Айтан Сағиев – қала тұрғыны:

 – Осы жерден әрдайым азық-түлік сатып алып тұрамын. Сақтау мерзімі өтіп кеткен тауарларды көрмеппін. Бірақ, ондай олқылықтар анықталып жатса, оны ақырын шешуге болады. Яғни, уақытында сатылымнан алып тастау қажет.

Келесі супермаркетке ат басын бұрдық. Мұндағы әкімшілік журналистерді де, тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының өкілдерін де жылы қарсы алды. Барлығын түсіруге рұқсат беріп, кей анықталған олқылықтарды сол жерде жойды. Кей торттардың сақтау мерзімі өткен, консультанттар ескертуден кейін тез арада оларды сөрелерден алып тастады.

Светлана Голубкова – супермаркет директоры:

– Мұндай рейдтердің өткізуге қатысты қарсылығым жоқ. Ұсынымдар мен ескертулерді алдағы уақытта ескеретін боламыз. Тексеру кезінде сақтау мерзімі өтіп кеткен бірнеше тауар анықталды. Оларды мамандардың көзінше сөрелерден алып тастадық.

Жол-жөнекей Әуезов көшесінде орналасқан “Гастроном” дүкеніне де кіре кеттік. Мұнда еш олқылық анықталған жоқ. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубоваяның айтуынша дәл осы супермаркеттерге тұтұнушылар жиі шағымданып жатады. “Ас-адамның арқауы” деп бекер айтылмаған. Бірақ, ауру сапасыз тағамнан болатынын естен шығармаңыздар дейді Надежда Владимировна.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Рейдтің басты мақсаты – сапасыз және сақтау мерзімі өтіп кеткен тауарларды сөрелерден алып тастау. Себебі, бізге тұрғындардан осы жөнінде жиі шағым түсіп жатады. Бүгін 3 сауда орнында болдық. Оның 2-уінде олқылықтар анықталды, ескертулер жасалды.

Надежда Дубоваяның айтуынша азық-түлік саудасымен айналысатын кәсіпкерлермен жеке жұмыс істеу қажет. Себебі, сапасыз тамақтан ең алдымен тұтынушы зардап шегеді. Осы орайда сатып алып жатқан өнімнің қолданыс мерзімін қарауды ұмытпаңыз.

 

 

Дана Ешкенова