МТРА жаңалықтарыҚұқық қорғау органдары

Өңірге жұмыс сапарымен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев келді

Өңірдегі құқық қорғау жүйесінің жұмыс бағыттарының бірі “жұртқа жақын полиция” қағидасына негізделген. Бұл бастама 2019 жылдан қолға алынуда. Қазір облыс орталығында модуль үлгісіндегі 2 стационарлық бекет жұмыс істеп тұр. Бірі – қаланың қақ ортасында, екіншісі шет ауданда орналасқан. Осындай бір нысанның өзіне күніне 2-3 адамнан келіп, тәртіп сақшыларына өз бұйымтайларын жеткізеді. Стационарлық бекеттің жұмыс істеу тиімділігін бағамдаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Петропавл қаласында осындай тағы 4 бекет орнату қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аулалар мен саябақтарда жаяу патрульдеуді күшейтуді тапсырды. Мектептердің аумағы да назардан тыс қалмауы тиіс.

Елдің бас полицейі жедел басқару орталығында, кинологиялық қызмет орталығында және кавалерия бөлімшесінде де болды. Сондай-ақ, азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Солтүстікқазақстандықтар Ерлан Тұрғымбаевқа қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөнінде жүгінді. Министр жеке құраммен де кездесті. Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің 3 өңірімен шектеседі. Қос ел арасында келіп-кетушілер көп. Сол себепті, полицейлер қонақтарға да көмек көрсету және түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізулері қажет.

Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрі:

– Бұл ретте жұмысты сервистік үлгіде іске асыруға тиіссіздер. Полиция қызметкері адамдардың құқықтарын қорғайды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, қылмыстарды ашады. Тағы бір міндетіміз – түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Министр заңсыз көші-қонмен, интернет-алаяқтықпен, мал ұрлығымен және синтетикалық есірткі бизнесімен күресті күшейтуді тапсырды. Аталған қылмыс түрлері трансшекаралық сипатқа ие. Сол себепті, шетелдік әріптестермен тығыз байланыста болу қажет деді министр.

 

 

 

 

Маржан Касымбек