МТРА жаңалықтары

СҚО-да өткен жылы 557 адам “Бастау” жобасы аясында грант алған

Қазақ қолөнерінің бір түрі – ұлттық киім тігу. Бұл костюмдердің халқымыз үшін маңызы зор екені айтпасақ та белгілі. Дизайнер Зарина Мавляни осы мұрамызды дәріптеп қана қоймай, өзінің кәсібіне айналдырған.

Зарина Мавляни – дизайнер:

– Тігіншілік кәсібімді 7 жыл бұрын бастадым. Істі қолға алмас бұрын біраз жерде білімімді арттырып, елімізге танымал дизайнерлерден тәжірибе жинақтадым. Әбден жетілген соң ғана өз шеберханамды аштым.

Арманға қарай нық қадам. Зарина шағын шеберханасын ашқан соң, «Бастау» бағдарламасы аясында тегін курстан өткен. Өз жобасын қорғап, соңында 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Қаражатқа тігін машинасын сатып алыпты. Ал биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған конкурста бақ сынап, 5 млн теңге жеңіп алды. Бұл ақшаға сән үйін ашып отыр.

Рахымбек Зейнуллин – облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– 2019 жылы «Жас кәсіпкер» жобасын жүзеге асырдық. 18 бен 29 жас аралығындағы адамдар қатысты. Арасында Зарина да болды. 5 млн теңгені «Бизнестің жол картасы-2050» бағдарламасы аясында алды. Бұл жобаны облыстық әкімдік пен «Даму» қоры жүзеге асырып жатыр.

Сән үй екі бөлмелі. Біріншісінде киімдердің матасы таңдалады, пішіледі, оюы тігіледі. Ал екінші бөлігінде алдын ала әзірленген костюм-көйлектер мен түрлі әшекей бұйымдар сатылады. Он саусағынан бал тамған шебердің туындыларына қызығушылық танытып жатқандар көп екен.

– Осындай дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз. 00:58 Өте жақсы әдемі. Жастарға да, үлкендерге де арнап тігеді.

Келушілердің бірі тігіншінің еңбектерімен жақсы таныс. Қоғам белсендісі Күлімкөз Смаилова екі жылдан бері тек Зарина Мавляни тіккен киімдерді ғана киеді екен.

Күлімкөз Смаилова – облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– Мен үшін ұлттық киім кию өте маңызды. Менің жан дүниемді танытады. Ұлтыңның ұлы екенін көрсетеді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Зарина Мавляни секілді арманын жүзеге асырғысы келетін жандарды оқытуды жалғастыруда. Жақында «Бастау» жобасының алғашқы легінің тыңдаушылары оқу курстарын аяқтапты.

Рахымбек Зейнуллин – облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Облысымыз бойынша 13 ауданда өтуде. Тегін оқиды. Қатысушы ең алдымен Жұмыспен қамту орталығынан бағыттама алады. Бірінші лекте 390-ға жуық адам оқыды. Екінші лекке 290 адам тіркелді.

Жыл соңына дейін жалпы 750-ге жуық солтүстікқазақстандық кәсіптің қыр-сырын танымақ.

 

Маржан Касымбек