Экология

СҚО-да биыл 15 орман өрті тіркелген

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Біз қазір Құйбышев орман шаруашылығындамыз. Мұндағы мамандар орман төңірегіндегі жерді жырту жұмыстарын жүргізуде. Бұл аумақ бекерден-бекер таңдалмаған. Участок қалаға жақын орналасқандықтан, өрт қаупі жоғары.

Көбіне орман өрттері тұрғындардың от жағып, сақтық шараларын сақтамауынан туындап жатады. Кейде тілсіз жау найзағайдың түсуінен де болады екен. Жасыл желек ортасында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Қызылжар орман шаруашылығының мамандары жер жырту жұмыстарын қауіпті деген аумақтардан бастады.

Шаруашылықтың жалпы аумағы 1500 гектардан асады. Мұнда трактор тізгіндеген маман тұтанған оттың жан-жаққа таралуына жол бермес үшін арнайы жолақ жыртуда. Жолақтың ені 2 метрді құрайды. Осы 2 метр жалынның келесі бетке өтуіне мүмкіндік бермейді екен. Күннің қатты ыстық болуына байланысты мамандар шаруаны таңертең немесе кешкі салқында атқарады.

Рүстем Жанахметов – Қызылжар орман шаруашылығының инженері:

– Бүгінге дейін қала маңында 30 шақырым жер жыртылды. Бір рет жыртылған жерді шамамен бір айдан кейін қайта қопарамыз. Негізі, барлығы ауа райына байланысты. Жауын жиі жауса, шөп те қаумалап өсіп кетеді. Міне, осыдан кейін жолақты жаңартып тұрамыз.

«Апат айтып келмейді» демекші кез келген уақытта жалын бас көтеруі мүмкін. Өрттің қауіпті маусымы басталғалы бері өңірде 91 факті тіркеліпті. Оның 15-і орманда орын алған екен. Шақырыммен есептейтін болсақ, жасыл желектің 30 шақырымы жанып кеткен.
Табиғатқа келген шығын 2 млн теңгеден асып жығылады.

Иван Кох – СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– 6 өртке қатысты кінәлі тұлғалар анықталды. 3 факті – Сергеев, біреуі – Булаев, келесілері Есіл және Преснов орман шаруашылықтарында тіркелді. Айыпты жандарға 248 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Орман өрттерінің 5-уі ауыл шаруашылығы қалдықтарын жаққан кезде болған.

От табиғатқа орын толмас зиян келтіреді. Сондықтан, табиғатта демалып қана қоймай, оны аялай да білгеніміз жөн.

 

 

 

Алтынай Қазиқан