Білім

Петропавлда мыңнан астам бала үшін соңғы қоңырау соғылды

Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 36 шәкірті осыдан тура 11 жыл бұрын алтын ұяларына аяқ басқан болатын. Бүгінде барлығы ер жетіп, оң-солдарын танып, үлкен өмірге қадам жасағалы тұр. Білім ошағының директоры Бұлбұл Ахмадиқызының айтуынша, ұл-қыздар шетінен еңбекқор. Осы уақытқа дейін мектеп өміріне белсенді араласып, өздерін тек жақсы жағынан көрсете білген.

Бұлбұл Ахмадиқызы – Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– 36 түлегіміздің ішінде Құсайынова Дариға деген «Алтын белгіге» үміткер оқушымыз бар. Оқушыларымыздың барлығына сәттілік тілегім келеді. Кешегі педагогикалық кеңестен білім сапасының көрсеткіші 68 пайызды көрсетіп отыр. 178 оқушымызға оқу озаттары ретінде мақтау қағаздары берілді.

Бүгінгі салтанатты жиын себепкерлерінің бірі – Рустам Каримов. Білім ошағына алғаш рет қадам басқан күн жас түлектің әлі күнге дейін есінде. «11 жыл қас пен көздің арасындай зыр етіп өте шықты»,- дейді ол. Болашағын журналистика саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Рустам Каримов – Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының түлегі

– Біз Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 2020-2021 оқу жылының мектеп бітіруші түлектеріміз. Осындай карантиндік жағдайдағы қатаң талаптарға сай мерекемізді атап өтудеміз. Бірінші ЕНТ-ны тапсырдым. Көңілімнен шықпады. Бірақ, әлі екінші мүмкіндік бар. Соған дайындалып жатырмын.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Қазір мына түлектер алтын ұя мектептерімен қоштасады. Шәкірттердің жүздерінен қимастық пен қобалжу сезімі қатар білініп тұр. Осы сәт, осы сезім жастардың есінде мәңгі қалары сөзсіз.

Дәстүрлі мерекелік шара қоштасу вальсісіз өтпейтіні мәлім. Оған білім ұясының түлектері ұзақ уақыт дайындалыпты.

Бұл күні ұлағатты ұстаздар мен шәкірттерден бөлек, ата-аналар да ерекше қобалжу үстінде.

Ағатжан Арықов:

– Бүгін біз үшін үлкен қуаныш. Тұңғыш немерем 11-сыныпты бітіріп жатыр. Ұстаздар қауымына көп рахмет! Жұмыстары жемісті, денсаулықтары мықты болсын!

Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Биылғы оқу жылының түлектері үшін соңғы қоңырау үні сыңғырлады.

Жалпы, бүгін облысымызда 73 мыңнан астам бала мектеп тәмамдап жатыр. Олардың 3 жарым мыңға жуығы – түлектер.

 

 

Алтынай Казиканова