Спорт

Жерлес пауэрлифтингші Азия чемпионатында топ жарды

Үлкен спорттан біраз уақытқа алшақ кетіп, жарыс алаңына қайта шығу кез келген спортшы үшін оңай еместігі анық. Ал, ұзақ үзілістен кейін спорттық додаларда топ жару тіпті қиын. Пауэрлифтингтен үш дүркін Азия чемпионы Руслан Толчеев 2 жарым жылдай жарыстарда зілтемір көтермепті. Жақында білекті жігіт соған қарамастан өзінің мықтылығын дәлелдей білді.

Спортшы мамырдың 22-сі мен 23-і күндері Алматы қаласында пауэрлифтингтен өткен Азия чемпионатында өнер көрсетті. Мұнда жерлесіміз қарсылас шыдатпай алтыннан алқа тағынды.

Руслан Толчеев – пауэрлифтингтен үш дүркін Азия чемпионы:

– Ұзақ үзілістен кейін жарысқа қатысу оңай болмады. Оның үстіне аз уақыттың ішінде дайындалып, жарысқа жол тарттым. Мен бұған дейін елімізде өтетін жарыстардың барлығында топ жардым. Бұл жолы да жетістігімді қайталадым. Бір әттегені, өзімнің жеке рекордымды жаңарта алмадым.

Алматыда өткен жарысқа ТМД елдерінен 300-ге жуық спортшы қатысқан. Руслан Толчеев бұл додада 140 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіпті.

Руслан Толчеев – пауэрлифтингтен үш дүркін Азия чемпионы:

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бірінші мүмкіндігімде 250 келіні еңсердім. 2-ші және 3-ші мүмкіндігімде қателіктерге бой алдырып, сайысты тоқтатуға мәжбүр болдым. Алайда, осы 250 киллограммен чемпион атандым. Ал, өзімнің жеке рекордым 275-ті құрайды. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалатын боламын.

Спортшының келесі мақсаты – әлем чемпионатында топ жарып, жеке рекордын жаңарту. Дүбірлі дода Мәскеу қаласында өтпек. Қашан жалауын желбірететіні әзірге белгісіз.

 

 

Алдияр Айтпаев