МТРА жаңалықтарыҚоғам

Петропавлдық тұрғын үйіне қоқыс жинайды

4-ші қабаттан тараған жағымсыз иіс алыстан сезіледі. Жақындаған сайын иіс мұрынды жарады. Зульфия Аяпова шағымданып тұрған үй – мынау. Бір қарағанда, баспананың іші емес, қоқыс алаңы ма деп ойлап қаласың. Иесі қолдану мерзімі өткен азық-түлік пен желінбей қалған тамақты қоқысқа апарып тастамайды, бір бұрышта қалдыра салатын көрінеді. Бұл аздай, сырттан тағы жинап әкеледі екен. Салдарынан үйдің ішінде тарақан өріп жүр. Жыбыр-жыбыр еткен жәндіктер көрші пәтерлерге де өтіп үлгеріпті.

Зульфия Аяпова – қала тұрғыны:

– Өз пәтерімізді жиі зарарсыздандырып тұрамыз. Бірақ, бірнеше күннен кейін тарақандар қайта пайда бола бастайды. Тағы бір рет дәрілейін десек, балаларымыз бар. Оларға кері әсері тиіп кетіп, ауырып қала ма деп қорқамыз. Не істерімізді білмей жүрміз.

Тарақан басқан баспананың иесі – Надежда Потапеко. Мұнда күйеуімен бірге тұрады. 66 жастағы зейнеткердің өзі – 2-ші топтағы мүгедек, сол қолы дұрыс жұмыс істемейді. Виталий Яковлевич инсультке шалдығып, екі жылдан бері төсек тартып жатыр. Ал балалары әке-шешесінің жағдайын сұрауға сирек келеді.

Надежда Потапеко – қала тұрғыны:

– Күйеуім сырқат болғандықтан далаға сирек шығамын. Екеуіміз мемлекеттен берілетін жәрдемақыға күн көріп отырмыз. Қаражаттың басым бөлігі дәрі-дәрмекке жұмсалады. Бос уақытым болған кезде үйді жинауға тырысамын. Баспанадағы заттардың барлығы маған керек. Олардан айрылмаймын.

Надежда Владимировна былтыр екі рет арнайы мамандарды шақырып, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Жәндіктердің көзін жойғаны үшін 30 мың теңге төлепті. Бірақ, биыл қызметтің мұндай түрін қолдануға қаражаты жетпей жатқан көрінеді.

Оксана Гришина – «Жучок» ПИК төрайымы:

 – Үйді зарарсыздандырмас бұрын қоқыстың бәрін сыртқа шығарып тастау керек. Әйтпесе, дәрілегеннен пайда жоқ. Тарақандар бәрібір шыға береді. Көршілер жиналып, өзіміз көмектесуге тырыстық. Бірақ, көнбей жатыр. Еріктілердің жәрдемінен де бас тартты. «Үйді өзім жинаймын, өзім білемін» – дейді де есікті тарс жауып, қайта ашпай қояды. Күштеп ешқандай әрекет жасай алмаймыз.

Әбден мезі болған тұрғындар тиісті органдарға да жүгініпті. Бірақ, полицейлер ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен басқа шара қолдана алмайды. Ал әлеуметтік көмектен өздері бас тартып отырған көрінеді. Үйдің өзге тұрғындары енді амал жоқ, қос қарияның жәрдемдесуге рұқсат еткенін күтіп жүр.

 

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек