Көлік және жолдар

Нұр-Сұлтан-Петропавл тас жолы ақылы болады

Республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге қазынадан қомақты қаражат бағытталады. Алайда, сол қаржының өзі жеткіліксіз екен. Осы орайда қазір кейбір бағыттарды ақылы ету қарастырылып отыр. Есесіне, бір аралыққа жасалған төлемнің есебінен сол жолдың жағдайы үнемі бақылауда болады. Қазір ел бойынша 700 шақырым жолдың өтемі бар. Одан түскен қаражат ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен “QazAvtoJol” ұлттық компаниясы “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін ақылы жолдарды көбейтуді көздеп отыр.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– “QazAvtoJol” ұлттық компаниясының үлкен жоспарлары бар. Президент мақұлдаған “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында Қазақстанда ақылы жолдар көбеймек. 2025 жылға дейін 11 мың шақырым тасжолды ақылы режимге өткізу қарастырылған. Соның ішінде Нұр-Сұлтан-Петропавл бағыты бойынша 132 шақырым тасжол ақылы болмақ.

Таяу арада Ақмола облысының шетінен бастап Бескөл ауылына дейінгі аралық ақылы болмақ. Бұл өзгеріс тек ауыр жүк көліктеріне ғана қатысты. Яғни, жеңіл көлік тізгіндегендер тегін жүреді. “Жүк тасымалдаушылар аударған қаражат сол жолды күтіп ұстауға, жаңартуға жұмсалады”,- дейді “QazAvtoJol” ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Қуаныш Ескендіров.

Қуаныш Ескендіров – “QazAvtoJol” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Ақылы жолдың есебінен жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі артады. Жол бойында қызмет көрсету нысандары тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Жол-көлік апаттары да азаяды деп үміттеніп отырмыз. Ақылы жүйеге өткен жолдарға шлагбаум қойылмайды. Көліктер өткізу бекетінде орналасқан камералар арқылы бақыланады.

Жолдың ақысы әлі нақтыланып жатыр. Қандай жүк көлігіне қаншадан бекітіледі – ол да әлі белгісіз. Дегенмен, ақшаны аударудың 20-дан астам тәсілі қарастырылып отыр. Төлемді екінші деңгейлі банк арқылы немесе терминалдың көмегімен жасауға болады. Сондай-ақ, тиісті соманы ұялы байланыс операторы арқылы жолдауға мүмкіндік бар.

Дінмұхаммед Мәдиев – “QazAvtoJol” ҰК” АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы” филиалы директорының орынбасары:

– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін жүк көліктерінің жүргізушілері төлемді онлайн режимде жасайды. Жол ақысы төленбеген жағдайда 1 апта ішінде 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл келеді. Жүк тасымалдаушылар бірінші кезекте біздің компаниямен шарт жасасуы қажет. Сонда оларға 20-30 пайыздық жеңілдік қарастырылады.

Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер Сабыр Бекқожин өз ісін ондаған жылдар бұрын бастаған. Жер-жерге сапар жасаған ер адам “жол қадірін жүрген біледі” дейді. Іскер жан жаңа жүйені бір жағынан қолдаса, бір жағынан кейбір трассалар ақылы болуға сай келмейді деп отыр.

Сабыр Бекқожин – жеке кәсіпкер:

– Ақылы жолдарға қатысты қарсылығым жоқ. Ең бастысы, жолдың сапасы жақсарса екен дейміз. Сондай-ақ, қыс мезгілінде трассалар қардан уақытылы тазартылып, жолдардағы қауіпсіздік қамтамасыз етілуі қажет. Дегенмен, кей учаскелер ақылы болуға сай келмейді. Мәселен, Нұр-Сұлтан-Щучинск тасжолы тар әрі бір жолақты ғана.

Сөз соңында айта кетейік, ел бойынша ұзындығы 5 мың 800 шақырым болатын 18 учаске биылғы маусым айынан бастап ақылы түрде пайдалануға беріледі. Әзірге, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақылы учаскелерде жүру үшін төлем құнын қарастырып жатыр. Жалпы, бүгінде Қазақстандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 97 мың шақырымды құрайды. Оның 24 мыңы республикалық маңызға ие.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дана Ешкенова