МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлер жатақхана мен мектеп салса, шығынның 80 пайызы субсидияланады

Пандемиядан шығын көрген кәсіпкерлер үшін бұл үлкен мүмкіндік дейді министрліктен келген меймандар. Себебі, ұсынылған мүмкіндіктің арқасында іскер жандар өз иеліктеріндегі нысанды қайта жаңғыртып, оны мектеп немесе студенттерге арналған жатақханаға бейімдей алады. Ғимарат қолданысқа тапсырылғаннан кейін мемлекет әр ұл-қыз үшін кәсіпкерге ақша төлеп отырады.

Арнай Сымағұлов – ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ өкілі:

– Қазір басқа өңірлерде банкеттік залдар мен кафелерді мектепке айналдыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлердің көбісі осы бағытта дамуды таңдап жатыр. Мемлекеттік стандарт орындалғаны үшін бір оқушыға жылына 470 мың теңге төлейміз.

Жаңадан тұрғызылған немесе жаңғыртудан өткен мектеп пен жатақхана кәсіпкердің жеке меншігінде қала береді. Одан бөлек, іскер жанның тұрып жатқан студенттерден төлем алуға және мемлекеттік тапсырысқа қатысуға да мүмкіндігі бар. Бірақ, қолданысқа тапсырылған ғимарат 20 жыл бойы нысаналы мақсатын өзгертпеуі тиіс. Яғни, осынша уақыт мектеп немесе жатақхана ретінде пайдаланылуы қажет. Ал, «Қаржы орталығы» кәсіпкердің құрылысқа жұмсаған қаржысының 80-90 пайызын 8 жыл көлемінде қайтарып береді.

Арнай Сымағұлов – ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ өкілі:

– Қазір біз жатақхана мен жеке мектептерді салуды қаржыландырамыз. Егер 1 студентке жатақхана салатын болса, жылына 122 АЕК ақша төленеді. Яғни, 100 орынға салатын болса, «Қаржы орталығы» кәсіпкерге жылына 35 млн теңге ақшасын қайтарып береді.

Солтүстік Қазақстан облысында жеке кәсіпкер салған бірде-бір мектеп жоқ екен. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің өкілдері инвесторларды тарту мақсатында бүгін және ертең кәсіпкерлермен жүздесіп, бастаманың тиімді тұстарын түсіндірмекші.

 

 

 

Бердимурат Баймухан