Білім

Былтыр университетке «Серпін» бағдарламасы бойынша 90 жас оқуға түскен

Бұл – 1-ші курс студенті Бекмұхамет Сапархановтың университет қабырғасында түскен алғашқы суреті. Біз үшін жай ғана фото болса, 19 жастағы жігіт үшін студенттік шақтың басталған күнінен естелік. Карантин талаптарына сәйкес бозбала Петропавлға биыл қаңтарда келіпті. Сол кезде оқу ордасы офлайн режимге ауысқан болатын.

Бекмұхамет Сапарханов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

 – Мен Тараз қаласынан «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға келдім. Педагогикалық факультетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім аламын. Үйреніп қалдым. Петропавл өте таза қала екен. Ұстаздар тәжірибелі.

Бекмұхамет аз уақыттың ішінде солтүстіктің адамдарына да, жиі құбылатын ауа райына да бауыр басып кеткендігін айтады. Болашақта осында қалып, өз кәсібін ашуды армандайды. Ал, қызылордалық Ақниет Сәрсенбайұлы аққайыңдар өлкесінің табиғатына «ғашық болдым» дейді. Ол орман шаруашылығы және орман ресурстары мамандығы бойынша білім алады.

Ақниет Сәрсенбайұлы – М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Қаңтарда келдім. Құжат дайындап, жатақханаға орналастым. Алға қойған мақсаттарым көп. Осы мамандық бойынша білім алуды армандадым. Осында қалып, жұмыс істеп, жар алсам деймін. Отбасымды көшіруге тырысам.

Білім алу үшін жоғары оқу орны, жаттығатын зал, тұратын жатақхана бар. Бір сөзбен айтқанда, тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Студенттерге қойылатын талап біреу ғана. Ол – елге пайдасы тиетін білікті маман атану.

Әсем Абраимова – М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық қызмет департаменті директорының орынбасары:

 – Қыз-жігіттер бос уақытын тиімді пайдаланады. 3 театр жұмыс істейді. Түрлі студенттік клубтар бар. Жайдарманға қатыса алады. Ұлттық аспаптар ансамбліне барады.

Өткен жылы университеттен 1700-ден астам түлек түлеп ұшқан екен. Жастардың басым бөлігі мамандығы бойынша қызмет етіп жатыр. Оның 203-і – серпіндіктер.

Әсем Абраимова – М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық қызмет департаменті директорының орынбасары:

 – «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алған қыздардың көбі осында қалады. Былтыр 77 түлек өңірде еңбекпен қамтылды. 90 студент магистратураны жалғастырып жатыр. Білім туралы заңның 47-бабының 17-ші тармағы бойынша жүкті немесе 3 жасқа дейінгі баласы бар болса, олар жұмыстан босатылады.

Бүгінде жергілікті университет қабырғасында «Серпін» бағдарламасы бойынша келген 825 студент білім алады. Оның 90-ы оқуға былтыр түскен екен.

 

 

 

Маржан Касымбек