ТЖ

Петропавлда бір күнде 2 үйден өрт шықты

Алғашқы жағдай кеше Васильев көшесіндегі 3 қабатты үйде орын алды. Мұнда түскі 2 кезінде нысанның 1-ші қабатында орналасқан балкон жанған. От қапырық ауа райында лезде күшейіп, үстіңгі қабаттарға ауысқан. Тілсіз жау, тіпті, 2-ші түгіл, 3-ші қабаттарға жеткен.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Гарнизонның барлық техникасы мен жеке құрам жіберілді. Нысан – 2 подъезді және 7 пәтерлі.

Мамандар келе салысымен жалын бас көтерген және шарпыған пәтерлерден 2 адамды құтқарыпты. Тағы, 12 тұрғын жедел түрде эвакуацияланған. Абырой болғанда, жазатайым жағдай тіркелмеді.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 15:36-да өрт ауыздықталды. 26 минуттан соң толық сөндірілді. Мамандар қазір өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Зардап шеккендер жоқ.

Мамандар Васильев көшесіндегі өртті сөндіріп болған соң М.Жұмабаев көшесіндегі баспаналардың біріне аттанады. Мамандар келгенше мұндағы жер үй толық жанып кетіпті. Тұрғындар дер кезінде қауіпсіз жерге шығып үлгерген екен. ТЖД өкілдерінің сөзінше, от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан пайда болған. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 295 өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның 80 пайызы жеке секторда орын алған.

 

 

Маржан Касымбек