МТРА жаңалықтары

Мамлюттік диқандар 70 мың гектарға тұқым сепкен

Мамлют ауданында биыл егістік алқаптарының аумағы 170 мың гектарға жуықтайды. Бүгінге дейін 70 мыңына тұқым егіліпті. Оның 20 мыңына майлы, қалғанына дәнді дақыл себілген. «Жалпы, дала жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде»,- дейді диқандар. Аудандағы «Барс және К» серіктестігі осыдан 4 жыл бұрын құрылыпты. Қазіргі күні кәсіпорын 3 мың гектардан астам жерге иелік етеді.

Сапарғали Рамазанов – «Барс және К» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Қазір зығыр егіп жатырмыз. Тұқым дәріленіп, стандартқа сай жерге сіңірілуде. Бүгінде алқапта 2 кешен жүр. Бидайдың тұқымын сеуіп болдық. 850 гектарға майлы дақыл егілді. Егіс науқанын жоспарлаған мерзімде аяқтауға тырысамыз.

Өткен жылы шаруашылық егін жинау науқанын оң көрсеткіштермен аяқтаған. Әр гектардан 24 центнер өнім алған екен. Диқандар мұндай нәтижеге сұрыпты жаңартып, қажетті техника алып, минералды тыңайтқыш қолданудың арқасында қол жеткіздік дейді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биыл біз алқаптарға 160 тонна минералды тыңайтқыш себуіміз керек. Әзірге, 148 тоннасы сатып алынды. Жалпы, Мамлют ауданының аграрлы саласы жылдан жылға дамып келеді. Серіктестіктердің аяқ алысы жаман емес. Машина-техника паркі де жаңарып жатыр. Ең бастысы, жерді тыңайтуды ұмытпаған жөн.

Аудандағы аграрийлерді өсімдік шаруалығында ауыз толтырып айтатындай толғандыратын мәселер жоқ екен. Дегенмен, мұнда мал шаруашылығы саласында түйткілдер баршылық. Атап айтсақ, сүт фермаларының аздығы. Білікті мамандардың тапшылығынан жергілікті іскер жандар ақ өндіретін кәсіпорын салуға құлшыныс танытпайтын көрінеді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Мал шаруашылығына қатысты бағдарламалар осы саладағы біраз түйткілдің шешілуіне септігін тигізді. Мамандардың аздығына қатысты мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Тиісті кадрлар даярланып жатыр. Одан бөлек, ветеринарлық және малды азықтандыру бағытында қызмет көрсететін арнайы компаниялар да бар.

Қазіргі уақытта өңірде ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлайтын оқу орталығын ашу жөнінде тиісті жұмыс жүріп жатыр.

Алтынай Казиканова