МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барды

Тайынша ауданында егіншілікпен айналысатын ірі шаруашылықтар баршылық. Солардың бірі – «Степноишим тәжірибелік станциясы». Серіктестік дәнді және майлы дақылдардың элиталық тұқымын өсірумен айналысады. Биыл диқандар алтын дәнді 18 мың гектарға сіңірмек. Оның 12 мыңына бидай егілмек. Бүгінде жұмыстың 30 пайызы тәмамдалған.

Павел Рафальский- «Степноишим тәжірибелік станциясы» ЖШС бас директорының орынбасары, Тайынша ауданы:

 – Қазіргі уақытта 7 егіс кешені жұмыс істеп жатыр. Біздің мамандар тәулік бойы еңбек етеді. Жанар-жағармай жеткілікті. Көктемгі егісті мамыр айының соңына дейін аяқтауымыз қажет.

Былтыр агроқұрылым алқаптарына 5 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірген. Биыл бұл көрсеткіш еселенуі тиіс. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті аграрийлерге осындай тапсырма жүктеді.

Құмар Ақсақалов- Солтүстік  Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша 779 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы тауарыы өндірілді. Біз ел бойынша 2-ші орынға табан тіредік. Сәйкесінше, табыс та молынан түсті. Қаражатты минералды тыңайтқыштарды көбірек енгізіп, өнімділікті одан әрі арттыруға бағыттауымыз керек.

Машина-техника паркінің жаңартылуы да оң жолға қойылған. Алдағы уақытта шаруаға қарқын қосылады. Себебі, жуырда жұмысын бастайтын “Клаас” компаниясы орақ науқанына дейін 100 комбайн шығармақ. Оның бағасы жергілікті диқандар үшін 52 пайызға арзан болады. Әзірге, аграрийлер техниканы өзге жерден лизингке алуда. Биыл Тайынша ауданына қарасты «Астық-Stem» серіктестігі АҚШ-тан жалпы сомасы 82,6 млн тг болатын 2 суару қондырғысын жеткізіпті. Шаруашылық суармалы көкеніс өсіруге ден қойған.

Сергей Звольский- «Астық- Stem» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

 – «Зимматик» фирмасының суару машиналарын орнатып жатырмыз. Бұл техникалар жасанды интеллектпен басқарылады. Яғни планшеттер арқылы барлық әлемдегі метеостанциялармен байланысқан. Алдағы күндері ауа райының қандай болатынын жауын-шашын мөлшерін көрсете отырып, қашан суару қажет екендігі туралы ақпарат келіп түседі. Осылай суару процесі жүреді. Сондай-ақ, биыл кабинасыз тракторлар сатып алдық. Яғни, механизатордың басқаруынсыз, автоматты түрде жұмыс істей береді.

Құмар Ақсақалов- Солтүстік  Қазақстан облысының әкімі:

– Жаз бойы суарылған көкөніс жақсы өнім береді. Суармалы техникаға қосымша Қазақстанда бірінші болып «ФИлнет эдвайзер» атты бірегей технологияны қолға алып отырсыздар. Жалпы, көкөніс шаруашылығымен айналысу өте тиімді. Өңірдің барлық аграрийлеріне көкөніспен де айналысуға кеңес берер едім.

Облыс әкімі салынып жатқан шошқа фермасында да болды. «ЕМС Agro» серіктестігі былтыр 50 мың басқа арналған кешен құрылысын бастады. Кәсіпорын өкілдері малды 100 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 5 млрд теңге. Құрылыс аяқталуға жақын. Кешен тамыз айында іске қосылады. Өткен жылы қазан айында шошқаның асылтұқымды 200 басы әкелінді. Сондай-ақ, өңір басшысы Вишневка елді мекенінде болып, 120 балаға арналған жаңа мектептің жобасымен танысты.

Александр Лисицкий- Вишневский орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:

 – Қазіргі оқып жатқан мектебіміз 1961 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен нысанда 99 оқушы білім алады, 24 мұғалім бар. Ұл-қыздар екі ауысыммен оқиды.

Құмар Ақсақалов- Солтүстік  Қазақстан облысының әкімі:

 – Құрылысты биыл бастап, келесі жылы аяқтаймыз. Аудан орталығында да жаңа мектеп салынады. Оқушылар саны артып келеді. Кейінгі буынға тиісті білім беру үшін заманауи білім ұяларын көбейтуіміз қажет. Жалпы, облыс бойынша 16 мектеп бой көтермек.

Соңғы 2 жылда облыс бойынша 250 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Ол үшін 10 млрд тг қаражат жұмсалған.

 

 

 

Эльмира Садвокасова