МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданының әкімі өткен жылды қорытындылады

Былтыр Мамлют ауданындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 млрд теңгені құрады. Ал бөлшек саудадағы тауар айналымы 6 млрд теңгеден асқан. Вячеслав Лукин мұны жақсы көрсеткіш деп бағалап отыр. Себебі, жыл сайын негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемімен қатар бизнес саласы да жаймен ілгерілеп келеді. Биыл ауданға 15 млрд теңге қаржы тартылмақшы.

Владислав Лукин – Мамлют ауданының әкімі:

– Тұрғындар “Бастау Бизнес” жобасы аясында білім алып, өз істерін бастап жатыр. Олардың арасында жастардан бөлек, мүгедек жандар және көпбалалы аналар да бар. Осындай талабы мол, еңбек етуден ерінбейтін жандардың арқасында былтыр біраз шағын бизнес нысандары ашылып, 157 жаңа жұмыс орны пайда болды. Сондай-ақ, биыл жыл басынан бері ауданда 1400-ден астам адам екі қолға бір күрек тапты.

Баспана тұрғызу да мықтап қолға алыныпты. Былтыр жоспар бойынша ауданда 3800 шаршы метр тұрғын үй тапсырылуы тиіс болған екен. Дегенмен, жұмыс қарқынды жүріп, мамлюттіктер 7 мың шаршы метрге ие болған.

Владислав Лукин – Мамлют ауданының әкімі:

– Мамлютка қаласында 30 пәтерлі тұрғын үй салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазір көпқабатты баспананы салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан бой көтерген соң 9 көпбалалы отбасы мен 6 жетім балаға жаңа пәтер беріледі. Бұдан бөлек біз автожолдарды жөндеу бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі күні аудан бойынша 112 км жол қалыпқа келтірілген.

2020 жылы аудандағы 38 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған сумен қамтылыпты. Ал ауылдарғы ұялы байланысты жақсарту бойынша жұмыстары баяу болса да атқарылып жатыр. Мәселен, биыл мобильді интернетке Михайловка мен Ленино селолары ғана қосылған екен. Ал Афонькино мен Андреевкаға кең жолақты интернет желісі тартылған.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан