Мәдениет

Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері құрметке бөленді

Мәдениет саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Және өңірдегі өнер саласын дамыту үшін үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқандығын баян етті.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Мәдениет саласының қызметкерлері еліміздің дамуының кепілі болып табылады. Сол себепті, біз мемлекет тарапынан сіздерге әрдайым жағдай жасайтын боламыз. Біздің облысымызда жылдан-жылға мәдениет саласын қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Мысалы, былтыр мәдениет бюджеті 7 млрд теңгеден асты. Және бағытталатын қаржы жылдан-жылға өсе береді.

Кезек өлкедегі өнер саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандарды марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Ғани Сақтағанұлы филармония, театр әртістері мен кітапхана қызметкерлеріне ұзақ жылғы адал еңбегі, өнер саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Аталған марапаттан Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісі Еркебұлан Қаріпов те құр қалмады. Өнерпаз жерлесіміз – дәстүрлі ән орындап, қазақ халқының өнерін ұлықтап жүрген жандардың бірі. Бүгінде өзі ән шырқап қана қоймай, шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған.

Еркебұлан Қаріпов – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісі:

– Осы күнге дейін көптеген республикалық байқауларға қатыстым. Облыстың намысын қорғау мақсатында «Қазақ дауысы» халықаралық конкурсына қатысып, финалға өтіп жатырмыз. Және биыл Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған республикалық конкурста 2-орынға ие болдым.

Жалпы, бүгінгі шарада 30-дан астам өнерпаз аймақ жетекшісінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. 20-ға жуық маман мәдениет саласынының дамуына қосқан үлесі үшін түрлі дәрежедегі төсбелгілермен марапатталды. Ал, Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК қызметкері Гүлия Ережепова «Мәдениет саласынының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Білікті маман күнделікті әр оқырманның жанына жақын кітапты таңдап беруге тырысады екен. Және әр балақаймен тілдесіп, асыл қазынаны оқуға деген қызығушылықтарын оятып келеді.

Гүлия Ережепова – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК кітапханашысы:

– Кішкентай балғындар түрлі бағыттағы кітаптарды оқиды. Бірі – комикстарды, ал енді бірі фантастика жанрын ұнатады. Табиғат туралы және түрлі ертегілерді сұрататындар да бар. Оқырмандардың барлығының талаптары мен өтініштерін ескеріп, жасы мен қызығушылықтарына сай келетін кітапты таңдап беруге тырысамыз.

Жиын соңы өнерпаздардың құрметіне арналған мерекелік концертке ұласты.

 

 

 

 

 

 

 

Алтынай Казиканова