МТРА жаңалықтары

М.Жұмабаев ауданының дамуы

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша М.Жұмабаев өңірдегі жақсы дамып келе жатқан аудандардың бірі. 2020 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 74 млрд теңгенің өнімін шығарды. Былтыр аграрийлер 445 мың тонна алтын дән жинап, 2 бірдей заманауи сүт-тауарлы ферманың құрылысын бастаған. “Полудинское” мен “Ноғайбай” серіктестіктеріне жалпы саны мың бас асылтұқымды ірі қара Германия мен Австрия елдерінен жеткізіліпті.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Үстіміздегі жылы Жастар мен Советское селоларында тағы мың бас сиырға арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысын бастаймыз. Әзірге жер учаскесін бөліп, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік. Жалпы мемлекет тарапынан аграрлы салаға үлкен қолдау көрсетілуде. Аудандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер былтыр 3 млрд теңге көлемінде субсидияға қол жеткізді.

Ауданның инфрақұрылымында да оң өзгерістер байқалады. Былтыр республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы 60 шақырым жол жөнделген. 2 мың тұрғыны бар 9 елді мекеннің кіреберісі де қалыпқа келтіріліпті. Тағы 4 ауыл мен Булаево қаласындағы жолдарда тиісті жұмыстар жүргізілді.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– 2021 жылы аудандық маңызы бар Октябрьское-Гаврино бағытындағы жол, Веселовка селосының кіреберісі жөнделеді. Тағы 17 елді мекеннің ауылішілік жолдарының белгілі бір бөлігі қалыпқа келтіріледію

Булаево-Октябрьское-Конюхово бағытында жиі қатынайтын елді мекендіктер үшін де жағымды жаңалық бар. Биыл трассада орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жол машақатын тартып жүрген Возвышенка селосы тұрғындарының да арманы орындалды.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Қазір Возвышенка селосына апаратын айналмалы трассада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республикалық маңызға ие 3 шақырым жерге асфальт салу үшін 400 млн теңге қаражат бағытталды. Тағы 150 млн теңгеге ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіреміз. 3,5 км-ге тас жол, 3 км-ге қиыршық тас төсейміз.

Ауылдағы ағайынды мазалайтын тағы бір өзекті сұрақ ауыз су мәселесі. Проблема әсіресе Успенко селосында өткір тұр. Тұрғындар осыған дейін қыста қар ерітіп, жазда жаңбыр суын жинаған көрінеді. Өткен жылы мәселе шешімін тауып, колонкалар орнатылды. Бірақ, су сорғысы бірнеше ай бұрын істен шығыпты.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Проблема жақын арада біржақты етіледі. Сорғыны жөндедік. Бүгін-ертең қайта орнатамыз. Жалпы биыл Сарытомар, Успенка, Қарақоға мен тағы 7 ауылдағы су тарату желілерін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Ал, Гаврино мен Рощино селоларындағы су бері пункті елді мекеннің шетінен ортасына көшіріледі.

Кішкентай аудан тұрғындары болса, биыл “Өңірлерді дамыту” бағдарламасының игілігін көрмек. Жоба аясында елді мекендерде үстіміздегі жылы 13 балалар алаңқайы мен 3 көпфункционалды спорттық алаңы тұрғызылады.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова