Құқық қорғау органдары

«Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтті

Жолда қабылдау акциясы биыл өңірде алғаш рет өткізіліп жатыр. Пандемияға байланысты бұрынғыдай жолға шығып, тұрғындармен бетпе-бет жүздесуге болмайды. Сол себепті тәртіп сақшылары солтүстікқазақстандықтармен әлеуметтік желілерде тілдесуді жөн көрді. Тікелей эфир барысында түскен алғашқы сұрақтардың бірі самокат және велосипед тебуге байланысты. Жерлестеріміз аталған қозағалыс құралдарымен жүрген кезде қандай қауіпсіздік ережесін сақтаған дұрыс дейді.

Григорий Тыш – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

– Биыл облысымызда велосипедшінің қатысуымен 1 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қазіргі күні тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, велосипедшілер мен самокатшыларға жолдың шетімен қозғалу керек екенін ескертеміз. Одан бөлек жеке қауіпсіздіктері үшін шлем, тізеқап пен шынтаққап киюге кеңес береміз. 16 жастан асқан жандарға ғана самокатпен көлік жүретін жол арқылы қатынауға рұқсат.

Тәртіп сақшылары тікелей эфирге 4 рет шықты. Яғни, белгіленген уақыт аралығында әр саланың мамандары өз қызметіне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Петропавл тұрғындары жол бойына отырғызылған желектер көлік қозғалысына кедергі келтіреді дейді. Айтуларынша жүргізушілер ауладан шығар кезде келе жатқан көлікті байқалмай қалады. Салдары апатқа әкеп соқтыруы мүмкін дейді.

Назар Байматов – СҚО ПД әкімшілік полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Қала жолдарында кең ауқымды тексеріс жүргіздік. Кемшіліктерді анықтап, тиісті органдарға хат жолдадық. Алдағы уақытты мәселе шешімін табады. Негізі, бұтақтар адамдардың жол үстіне шығып кетпеулері үшін отырғызылады. Талапқа сәйкес желектердің биіктігі 50 мен 80 см-дің аралығында болуы қажет. Қазіргі уақытта әкімдік өкілдері жол бойын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шаруа аяқталған соң бұтақтарды қысқартады.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Петропавлдағы Сәтпаев көшесіндегі жолға сары түсті қолжолақты белгі салынған болатын. Мамандардың айтуынша ол күндіз және түнде көлік жүргізушілерінің көзіне жақсы көрінеді. Осылайша қарсы бағытқа шығып кетудің алдын алады. Пилоттық жоба қала тұрғындарының көңілінен шыққан көрінеді. Тікелей эфир барысында жерлестеріміз барлық көшеде сондай таңба салуды сұрады. «Жолда қабылдау» республикалық акциясы енді әр айдың 21-і мен 22-сі күндері өткізіліп тұрады. Осылайша жыл соңына дейін жалғасады.

 

 

Бердимурат Баймухан