МТРА жаңалықтары

Жергілікті омарташылар бал жинау науқанын бастады

Бұл – карпат аралары. Олардың негізгі отаны – Украина. Біздің өңірге осыдан бірнеше жыл бұрын әкелінген. Жәндіктер қазіргідей уақытта солтүстікте болады, ал күзде оңтүстік өңірге қыстауға жіберіледі. Жолақтылар өлкемізге 5 күн бұрын жеткізіліпті. Содан бері бақбақ, шие және алма ағаштарын аралап, бал жинап жүр. Егер ауа райы 15 градустан жоғары болып тұрса, 10 күн ішінде алғашқы өнім алынады екен.

Олег Гаврилов – «Пасека-Қызылжар» ЖШС директоры:

– Бұл жолы оңтүстік Қазақстаннан ғана емес, Өзбекстаннан да ара әкелдік. Өкінішке қарай, биыл олардың саны өткен жылғыға қарағанда екі есеге аз. Себебі, қыс мезгілінде ауа райы қолайсыз болып, біразы қырылып қалды.

Омарташылықта қазір 130-дан астам ара жанұясы бар. Әр жәшіктің ішінде 30-40 мыңнан астам жәндік болады. Балды жинайтындары 6 мен 9 ай аралығында, ал аналықтары 5 жылға дейін өмір сүреді екен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Араның карпат тұқымдысы негізі байсалды келеді. Өзің барып тиіспесең, шақпайды екен. Бұл жәндіктің тағы бір ерекшелігі, адам үстіне себетін әтірдің иісін ұнатпайды. Сезіп қалса, шабуыл жасауы мүмкін. Аралар мені де жақтыртпай жатқан секілді. Жанына жақындатар емес.

Мен ашуландырып алған аралардың көңілін мұндағы омарташы табуда. Ол қи мен қураған шөп жағып, жәшіктердің жанына қойды. Түтінді сезген карпат жолақтылар бірден тыныштала қалады. Біз қорыққан жәндіктерден жас омарташы Николай Дорошенко мүлде сескенбейді. СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенті серіктестікте 2 жылдан бері тәжірибеден өтіп жүр.

Николай Дорошенко – СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенті:

– Аралар иісті тез сезгенімен қоймай, тазалықты да ерекше ұнатады. Омартаның ішін күніне бірнеше рет тазалап отырамыз. Егер тазаламайтын болсақ, мазасызданып кетеді. Бал жинамай қоюы да мүмкін. Бұрын осы жайлы кітаптан оқығанда сенбейтінмін. Серіктестікке келген сәтте бәріне көз жеткіздім.

Аралар саяжайлар орналасқан аумақта 10-шы маусымға дейін болады. Кейін, алқапқа шығады. Онда жәндіктер эспарцет пен түйежоңышқа өнімін жинамақ. Күзге қарай, күнбағыс, арпа мен рапс алқаптарына жайылады. Биыл жәндіктер оңтүстікке жіберілмейді. Өзімізде қыстайтын болады. Омарташылар былтыр арнайы тәжірибе жүргізіпті. Мамандар араның 50 жанұясын жертөледе сақтаған екен. 400 мыңға жуық жәндік қыстан аман шығып, қазір шырын жинауда.

 

Маржан Касымбек