Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр

“Аққайыңдар өлкесіне қыс бойы қар жауса да бүгінде алқаптарда ылғал жеткіліксіз”,- дейді аграрийлер. Сондықтан, ауыл шаруашылығы құрылымдары танаптарда қажетті заманауи технологияларды қолданып, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде. Биыл маңызды шаруаға минералды тыңайтқыштардың 148 мың тоннасы сатып алынған.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Жақсы тұқым, минералды тыңайтқыштар және тиісті агротехникалық шараларды қолдану аграрлы сектордағы көрсеткіштердің тұрақты өсуіне әкеледі. Биыл себілетін дәннің 9% сұрыптық жаңартудан өтті. Яғни, біздің шаруашылықтар элиталық тұқымды көбірек сатып алуда.

Қызылжар ауданына қарасты «Сервис-ЖАРС» серіктестігі науқанға қызу дайындалыпты. Мұндағы шаруалар көктемгі дала жұмыстарын өткен аптада бастаған. Биылғы жоспарға сәйкес агроқұрылым 12 мың гектарға дән екпек. Әзірге, рапс тұқымын себуде.

Ғаббас Жантаев – “Сервис-ЖАРС” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Тыңнан шыққан алқаптың 45% дән егілді. Ылғал аздау, биыл ауа райы жақсы болады деген үміттеміз. Күз мезгілінде жоғары сапалы өнім аламыз деп ойлаймын.

Ал «Элти-гарант» серіктестігі егістік алқаптың 30%-ына дән сіңірген. Агроқұрылымның басшысы Ақан Барлыбаевтың айтуынша, минералды тыңайтқыштардың қажетті қоры әкелінген, маңызді істі еш кедергісіз атқару үшін жанар-жағармай да, техника да жеткілікті.

Ақан Барлыбаев – «Элти-гарант» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Негізінен, биыл алқаптарға майлы дақылдарды себудеміз. Оларға деген сұраныс жақсы әрі бағасы да жоғары. Танаптағы ылғал жеткіліксіз. Жаңбыр жауса жақсы болар еді. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жоспарланған мерзімде аяқтамақпыз.

Бүгінде жергілікті шаруалардың барлығы дерлік мемлекет тарапанын қолдауға ие. Мәселен, өсімдік шаруашылығын дамытуға бюджеттен 17 млрд теңге бағытталған. Бұл қаражат іскер жандарға субсидия ретінде берілмек. «ҚазАгро» қаржы институты арқылы 14 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді. Мұның барлығы саланың дамуына серпін бермек.

 

Дана Ешкенова