МТРА жаңалықтарыТұлға

Бейімбет Майлиннің жиені отбасыларының тарихымен бөлісті

Халқының адал перзенттері. Сталиндік террорға алғашқылардың бірі болып бостандық пен халқының болашағы үшін күрескен Алаш қайраткерлері мен Үш Бәйтерек ұшырады. Өздері ату жазасына кесілді, әйелдері концлагерьге қамалып, балалары жетімдіктің ащы дәмін тартты. Жазушы Бейімбет Майлиннің жанұясы да солақай саясаттың зардабын молынан сезінді. Тұтқындау, қудалау мен аштық.

 

1937 жылдың 6-шы қазанында Алматыда – премьера. Қалың көрерменге Бейімбет Майлиннің қазақтың қайтпас батыры Амангелді Иманов туралы фильмі жол тартпақ. Бірақ, тұсаукесерге бір күн қалғанда Майлиндер жанұясына қара бұлт үйірілді.

Дәметер Сейітжанова – Бейімбет Майлиннің жиені:


– Это квартира Майлиных? Где папа?» деп сұрағанда Рәзия «Папы нет, папа кино снимает» деп жауап берген. НКВД адамдары оны итеріп кірген. «Вы Майлин? Вы арестованы» деп алып кетті.

Айрандай ұйып отырған жанұяның осылайша астан-кестеңі шықты. Ұлтының қамын ойлап, сауатсыздықты толық жою керек деп ұрандатқан Би аға бір кеште «Халық жауына» айналды. Үйі тінтіліп, кітаптары мен жазбалары тәркіленді. Бірнеше күннен кейін жан жары Гүлжамал Майлина бес баламен тұрып жатқан пәтерлерінен далаға қуылды. Нәзікжанды Ілияс Жансүгіровтың әйелі Фатимамен екі бөлмелі ескі баспананы бірге паналаған. Ішерге ас, киерге киім таппай қос отбасы қатты қиналады. Бірақ, бұл – азапты кезеңнің тек басы болатын. Көп ұзамай НКВД адамдары тағы да келді, бұл жолы Гүлжамал Майлинаның қолына кісен салынып, келіншек КарЛаг-қа айдалды. Ал балалары жетімсіреп қалды.

Дәметер Сейітжанова – Бейімбет Майлиннің жиені:


– Тетя Юля деген көршілері «Сендерді 3 түрлі детдомға жіберейін деп жатыр» деп айтқан. Сонда Рәзия бастығына дейін кіріп, ағатайлап, «Әкеміз бен шешеміз жоқ, біз үшеуміз бірге болуымыз керек» деп жылаған. Ал Галина басқа жаққа жіберілді.

Дәметер Сейітжанованың анасы Рәзия ол кезде небәрі 12-де еді. Ойын баласы бірден есейіп, әке мен шешенің рөлін өз мойнына алды. Солақай саясаттың зардабын балалар үйінде де олар молынан көрді. Барлығы «халық жауының перзенттері» деп саусақтарын шұқшитты. Кейін мекемеден тіптен қуылды. Алайда, қазақтың қайсар ұлы Бейімбеттің балалары да мойымады, жасымады. Рәзия Мәскеуге хат жазып, әкесінің адалдығын дәлелдеуге тырысты. Қарағандыдағы концлагерьге барып, анасын іздеді. 1943-те арманы орындалып, шешесі Гүлжамал Майлинамен қауышты.

Би ағаның үлкен ұлы Әйкен де сотталады, ал соғыс басталғанда штрафбатқа түседі. Сөйтіп, тұңғышы хабар-ошарсыз кетеді. Ол 1943 жылы Ресей жерінде қаза тауыпты. Ал кіші қыздары Гүлсім жанұясының тірі екенін білмей өседі. Рәзия Бейімбетқызы кеңес үкіметіндегі барлық балалар үйіне хат жазып, оны бірнеше жыл бойы іздейді.

Дәметер Сейітжанова – Бейімбет Майлиннің жиені:


– Сарқан балалар үйінен «Бізде Майлина Галина Бейімбетовна бар» деген хат келеді. Ол біздің Гүлсім екен.

Осылайша, 1950-де Майлиндер жанұясының басы қайта қосылады. Тағы 7 жылдан кейін халқының адал перзенті, ұлт жанашыры Би ағаның адал есімі ақталады. Бүгінде Бейімбет Майлиннің немерелері мен шөберелері еліміздің түкпір-түкпірін мекен етуде. Барлығы аталарының асқақ арманын орындады. Текті адамның текті ұрпақтары қазір білім, медицина, журналистика мен кино саласында еңбектенуде. Олар да Майлиндердің басты қағидасы – кез келген жағдайда адал, мейірімді, адамгершіл болу ұстанымын ұстануда.

Эльмира Садвокасова