Ауыл шаруашылығы

Аққайыңдық диқандар биыл 210 мың гектар алқапқа алтын дән сіңіреді

Ауданда егіс науқаны қызған. Бүгінде жергілікті диқандар жалпы алқаптың үштен біріне дән сіңіріп үлгеріпті. Шаруа ойдағыдай жүзеге асуда. Жуырда ғана аграрийлер 26 бірлік техника сатып алған. Жыл соңына дейін жергілікті фермерлердің техника паркі тағы 90-ға жуық трактор, комбайн, егістік кешенімен толықпақ. Бұл ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сеп болары сөзсіз.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Облыстағы егін алқаптарының 1 млн 400 мың гектарына, яғни 35% дән сіңірілді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Биыл майлы дақылдарды 9 мамырдан еге бастадық. Сондықтан да дән сіңірген егістік көлемі үлкен. Жұмыс жоспарға сай жүргізілуде.

Геннадий Зенченко- «Иван Зенченко» ЖШС директоры:

– Серіктестік алқаптарының 45 процентіне дән сіңірілді. Майлы дақылдардан рапсты егіп біттік, зығыр мен жүгері қалып тұр. Минералды тыңайтқыштарға байланысты арпаны екпей күте тұру қажет.

Жерден жақсы өнім алу үшін оны өңдеу қажет. Осыны ескерген аудан диқандары былтыр 6,5 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сатып алған. Биыл тағы 10 тонна алуды жоспарлап отыр.

Рүстем Елүбаев- Аққайың ауданының әкімі:

– Бүгінгі таңда аудан аграрийлерінің барлығы жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Минералды таңайтқыштарды алу жөнінде келісім шарт жасалды. Егіс науқанын межелі мерзімде аяқтаймыз.

Бүгінде ауданда 90 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Солардың арасында «Иван Зенченко» серіктестігі Ленинское елді мекенінде сүт-тауарлы ферма ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Агроқұрылым жетекшісінің айтуынша алдағы уақытта сауын сиырлар санын 2 мыңнан асыру жоспарлануда.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова