Құқық қорғау органдары

СҚО-да жасөспірімдердің қатысуымен 9 қылмыс тіркелген

Соңғы кездері күннің күрт жылуына байланысты көпқабатты пәтерде тұратын жандардың басым көпшілігі терезелерін аша бастады. Дегенмен, осы кезде қауіпсіздік шараларын сақтамаса, арты қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Осыдан 2 күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласында 1 жастағы бала 4-ші қабаттан құлап кеткен. Әйтеуір, аман қалды, бірақ қазір сәбидің жағдайы ауыр деседі. Мамырдың 14-і күні Көкшетауда 2 жастағы қыз бала 7-ші қабаттағы терезеден құлап, мерт болды. Теріскей өңірінде биыл бұндай факті тіркелген жоқ. Дегенмен, “Сақтықта қорлық жоқ”,-демекші жергілікті полицейлер алдын алу мақсатында онлайн-брифингтер өткізуде.

Айгүл Кәрімова – қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторы:

– Соңғы уақытта терезеден құлап кету фактілері жиілегендіктен, осы жайында қауіпсіздік шараларын сақтасаңыздар деген ниеттеміз. Терезеден құлап кету фактілерін болдырмас үшін ата-аналар балаларыңызға абай болыңыздар! Жиһаздарыңызды терезеден алыс қою керек. Балаларды үйде жалғыз қалдырмаған жөн.

Тұрғындарға қауіпсіздік шараларын тағы бір мәрте ескерту мақсатында ұйымдастырылған онлайн-брифинг 30 минутқа созылды. Эфир барысында терезеден құлап кетуден бөлек, жазғы уақытта балалардың суда шомылуы жайында да айтылды. Сонымен қатар, жергілікті полицейлер кәмелетке толмаған ұл-қыздардың кешкілік уақытта ата-аналарынсыз жүрулеріне тыйым салынатыны туралы тілге тиек етті.

Айгүл Кәрімова – қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторы:

– Кәмелетке толмаған балалар 22:00-ден кейін далада жалғыз жүрсе, әке-шешесі Әкімшілік кодексінің 442-бабы 1,2-бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бізде ПБ-да сенім телефондары бар. Ол 39-48-65 номеріне қоңырау шалуға болады.

Полицейлердің айтуынша түнгі уақытта көңіл көтеру орындарынан табылған жасөспірімдерге қатысты 800-ге жуық заңды тұлға мен сол мекемелердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қаңтар мен сәуір аралығында жасөспірімдердің қатысуымен облыста 9 қылмыс тіркеліпті. Басым бөлігі ұрлық жасап, есірткі сатумен айналысқан. Істің барлығы сотқа жіберілген.

Алтынай Казиканова