Денсаулық сақтау

МӘМС аясында дәрі-дәрмекті тегін алуға болады

Биыл өңір тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін 47,7 млрд теңге қарастырылған. Оның 17 млрд-ы – медициналық сақтандыру пакеті аясында. Қалғаны тегін кепілдендірілген медициналық көмекке арналған. Сондай-ақ, қор филиалымен 42 мекеме келісім шарт жасасқан. Жыл сайын әріптестік орнатқысы келетін мекемелердің саны артып келетін көрінеді. Бұл өзара бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға септеседі дейді филиал директоры Лариса Гордеева.

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Тұрғындардың сұранысын назарға ала отыра сақтандыру қоры бірнеше бағыт бойынша қаржыландыруға басымдық беріп отыр. Олар – амбулаториялық-емханалық деңгейдегі медициналық қызметтер, ауылдық медицина, оңалту, бала денсаулығын сақтау, мектептегі медицина мен онкогематология. Яғни, сақтандырылған солтүстікқазақстандықтар осы бағыттар бойынша тегін медициналық қызмет ала алады.

Медициналық қызметтен бөлек өңір тұрғындары емханалар мен дәріханалардан тегін препарат ала алады. Мұндай мүмкіндік арнайы есепте тұрған жандар мен 18 жасқа дейінгі жандарға қарастырылған. Ақысыз дәрі-дәрмек тағы сақтандырылған және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделетін кез келген тұрғынға қолжетімді. Жерлестеріміз мұндай мүмкіндікті пайдаланып жүр ме? Оны өздерінен сұрадық.

– Негізі, жұмыс істеу механизмі тиісді жүйе. Медициналық сақтандыру аясында тегін емделуге болатынынан хабардармын.


– Бүгін ғана баламды дәрігерге апардым. Бізге мұрынға арналған тамшы ретіндегі дәрі керек болды. Жаңа өзіміз тіркелген емханаға барып қажетті препараттарды тегін алып қайттым.

Тегін дәрі алу үшін учаскелік дәрігерге жүгіну керек. Маман емделуге қажетті препараттардың рецебін жазып береді. Кейін, сол қағазбен әлеуметтік немесе сақтандыру аясында дәрі-дәрмек беретін аптекаға бару қажет. Сол жерде тиісті препарат тегін беріледі.

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Сондай-ақ, тұрғындардан МРТ мен КТ диагностикалары жайлы да көп сұрақ түседі. Осы орайда айта кетейік, сақтандырылған азаматтар барлық қымбат диагностикалық зерттеулерден тегін өтеді. Одан бөлек, дәрігердің көрсетілімі бойынша дәрумен ала алады және коронавируспен ауырған жандар да ақысыз емделеді. Кез келген оңалту шарасы мен қымбат оталар да тегін жасалады.

Жалпы, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында тұрғындар сақтандыру қоры аясында 450 мыңға жуық түрлі зертханалық және скринингтік тексеруден өткен. Оның ішінде КТ, МРТ мен УЗИ-ден 62 мыңнан аса адам тегін өтіпті.

 

 

 

Бердимурат Баймухан