МТРА жаңалықтары

Қала тұрғыны ой-шұңқырлы жолдарға шағымданды

Қала тұрғыны Наталья СаможЕнованың күні қиыршық тас төсеуден басталады. Бұл істі өзінің хоббиіне айналдырғанына 2 жылдай болыпты. Әрине, шелек-шелек инертті материалды еріккеннен емес, мәжбүрліктен тасып жүр. 2019 жылы коммуналдық қызмет өкілдері Советская көшесінің осы бөлігін қазып, жөндеу жұмыстарын жүргізіпті.

Наталья Саможенова – қала тұрғыны:

– Ауладағы жол теп-тегіс, өте сапалы салынған еді. Алайда, коммуналдық қызметтер быт-шытын шығарып кетті. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін асфальтты қопарып тастады. Кейін сол күйі қалдырды. Біз қалалық әкімдікке жүгіндік. Маған ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Дулат Шәріпов жауап берді. 7 мамыр күні келейік, учаскенің жағдайын бірге көрейік деді. Демалыс күні келем дегеніне таңқалдым.

Мейрам күні қалалық әкімдік өкілінің келмегені айтпаса да түсінікті. Бірақ, мерекелерден кейін де шенеунік Наталья Саможеновамен байланысқа шықпапты. Қала тұрғынының мемлекеттік қызметшіге өкпесі қара қазандай. Себебі, нәзікжанды мамандар көмегіне екі бірдей проблемамен жүгінген. Екінші мәселе де жолға байланысты. Бірақ, ауладағы емес, барлық қала тұрғындары машақат көретін Жұмысшы кентіндегі учаске.

Наталья Саможенова – қала тұрғыны:

– Саяжай маусымы басталды ғой, күнде бау-бақша егумен айналысамын. Жазғы үйіме Жұмысшы кенті арқылы барамын. Сондағы жолдың бір бөлігі ойық-ойық. Көлігім жай да ескі, мұндай шұңқырлармен жүргеннен кейін орта жолда сынып қала ма деп қорқамын. Сәуір айында әкімдікке хабарластым. Дулат Шәріпов “асфальт-бетон зауыты әзірге жұмысын тоқтатты, қайта жанданғанда жолды жөндейміз”,- деді. Мамырда телефон шалып едіп, call-орталықтың маманы “біз учаскені қалыпқа келтірдік”,- деп жауап қатты.

Бірақ, іс жүзінде баяғы жартас – сол жартас. Учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Темір тұлпарларды құртатын ой-шұңқырларды Наталья Саможенова енді өзі “жамап” жүр. Бірақ, жақын арада асфальт қалыпқа келтіріледі. Бұл туралы Дулат Шәріповтің өзі айтты. Қала бойынша ой-шұңқырларды жөндеу басталып кеткен. Кезек Жұмысшы кентіне де жетеді.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

–  Жуырда қала әкімі Болат Жұмабеков барлық коммуналдық қызмет басшыларын жинады. Шаһар басшысы жерді қопарып, қалыпқа келтірмей кеткен монополистерге шаруаны тәмамдауды тапсырды. Қазір серіктестіктер жұмысты Петропавлдың магистральді көшелерінен бастады. Кезек Советскоеға да жетеді.

Наталья Саможенова мен жол машақатын көріп жүрген өзге де қала тұрғындарына шыдамдылық танытып, күту ғана қажет.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова