МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Аққайың ауданына Германиядан симментал тұқымды ірі қара әкелінді

100-ге жуық ірі қара бір аптадан астам уақыт бойы жолда болған. Рублевка селосына дейін 30 мыңнан астам шақырым жол еңсерілген. Ұзақ сапардан кейін төрт аяқтылар шашпаға қамалып, өздеріне жаңа, жайлы мекен тапты. “Иван Зенченко” серіктестігіне мамыр айында сиырлардың осымен екінші легі жеткізіліп отыр.

Алдияр Айтпаев – тілші:

– Германия елінен әкелінген мына симментал тұқымды малдар етті және сүтті келеді. Яғни, оларға күтім жасап, екі бағытта да өнім алуға болады. Өнімділік көрсеткіші де жоғары. Мысалы, 1 төрт аяқты күніне 28 литр ақ береді.

Шетелден жеткізілген 96 бас ірі қараның барлығы – 2 жылдық тайшалар. Әрқайсысының салмағы 300-400 келіге жуықтайды.
Сапалы әрі мол өнім алу үшін малға уақытылы жем-шөбін беріп, арнайы күтім жасау қажет.

Анастасия Орлова – Аққайың ауданы ветеринарлық станциясының фельдшері:

– Шетелдік малдар 21 күн бойы мал дәрігерінің қарауында болады. Оларды барлық ветеринариялық-профилактикалық шаралардан өткіземіз. Бруцеллез, туберкулез, лейкоз сынды ауруларға тексеріледі. Біздің бақылауымыздан өткеннен соң, төрт аяқтылар Ленинское селосында салынған фермаға жіберіледі.

“Иван Зенченко” серіктестігінде қазіргі таңда 1200-ге жуық Зеңгі баба төлі бар. Оның 700-ден астамы – сауын сиырлар. Ірі қара арнайы қондырғының көмегімен сауылады. Бір мезетте 28 бастан сүт алуға мүмкіндік бар. Асыл тұқымды мал өсіруді мықтап қолға алған кәсіпорында 60 адам еңбек етеді. Айта кету қажет, қазіргі таңда Аққайың ауданында 208 агроқұрылым ауыл шаруашылығы тауарын өңдірумен айналысады.

Оралбек Әубәкіров – Аққайың ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

 – Ауданда сүтті бағыттағы 8 шаруа қожалығы бар. Ал, етті бағытта 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы төрт айда өндірілген сүт өнімдерінің көлемі 8700 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16%-ға көп.

Биыл Аққайың ауданында 41 мың тонна сүт пен 900 тонна ет өндіру жоспарланып отыр.

 

Алдияр Айтпаев