МТРА жаңалықтары

БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің жағдайы сөз болды

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің жағдайы. Бұл мәселе Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында өткен дөңгелек үстел отырысында талқыланды.

Қазіргі таңда БАҚ-дарының кейбіреуінде ана тіліміздің бұрмаланып жүргені жасырын емес. Яғни, кейбір сөздер орыс тілінен тура аударылып, дұрыс қолданылмайды. Осылайша сөйлем жұтаңдалып, мәтін ретінде мән-мағынасынан айырылады. Мәселен, арамызда “ойымен, пікірімен бөлісті” деп жазатындар бар. «Дұрысы – ой бөлісті, пікір алысты деу керек»,- дейді «Қызылжар» телеарнасының бас редакторы Ақерке Қабыкеева. Сондай-ақ, бас қосуда газет оқырмандарының саны азайып жатқаны туралы да айтылды. Бүгінде көбісі күнұзаққа гаджет қарап, бар ақпаратты содан алады. Өйткені, болған оқиға ғаламтор кеңістігінде әп-сәтте жарияланады. Дегенмен, ондағы ақпардың шындыққа 100 пайыз жанасуы екіталай екенін ескеру қажет. Ал, газет бетіне сенімді дерек қана жазылады. Шараға қатысқан журналистердің айтуынша, осы күні газет оқырмандарын сараптамалық, танымдық мақалалармен тартуы қажет және дизайнға да мән берген абзал.

Ербақыт Амантайұлы – «Soltüstik Qazaqstan» облыстық газетінің бас редакторы:

– Көбіне сараптамалық, танымдық мақалаларға көп арқа сүйеу керек. Аудандық газеттердің беделін көтеру керек. Өкінішке қарай, аудандық газеттердің тиражы төмендеп кетті. 100 бен 1000-ның аралығында ғана. Кәсіби мамандар да жоқ. Газеттің түрлі түстілігі, дизайны да ескерілуі керек. Осындай жұмыстар атқарылса, қазақ баспасөзінің беделі көтеріледі.

Алтынай Казиканова