ТЖ

Шаңды дауыл бірнеше нысанның шатырын ұшырып әкетті

Кеше кешкілік Ақжар ауданында түсірілген мына видео әлеуметтік желіде желдей есті. Мұндай көріністі әдетте кинодан көретін көпшілік лезде қызу талқылап, таңданыстарын пікір арқылы білдіріп жатты. Байқағандарыңыздай, шаңды желден жолда жүрмек түгілі айналаны көрудің өзі қиынға айналды. Табиғи құбылыс түскі 13:20-да Тайынша ауданынан басталған. Содан 1,5 сағат ішінде Ақжар мен Уәлиханов аудандарын басып өтіп Ақмола облысына бет алған. Салдарынан бірнеше мемлекеттік мекеменің шатырын ұшырып әкеткен. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай жылы және салқын ауа температурасының соқтығысуынан пайда болады.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Кешегі табиғат құбылысы Тайынша ауданына қарасты Чермошнянка ауылдық әкімдігінің шатырының бір бөлігін ұшырып әкетті. Сондай-ақ, осы ауданның Леонидовка орта мектебінің шатырына да зақым келген. Мұндай жағдай Ақжар ауданында да тіркелді. 3 нысанның төбесі бүлініп қалды. Адамдардың арасында ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір аталған мекемелер қалыпқа келтіріліп жатыр.

Табиғат құбылысы теріскейліктерді әбігерге салып тұр. Өткен демалыста Аққайың мен Жамбыл аудандарында ағашқа найзағай түсіп, арты өртке ұласқан. Абырой болғанда тілсіз жау дер кезінде ауыздықталған. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім басшысы:

– Қазіргі таңда өңірімізде өрт қаупі жоғары. Қар кеткелі жүздеген өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде құрғақ шөп, қамыс, қоқыс жану жайттары бар. Сондай-ақ, жыл басынан өңірде 13 орман өрті болды. Басым көпшілігі отқа немқұрайлы қараудан туындаған. 4 жағдайға кінәлі адамдар анықталды. Қалғаны іздестіріліп жатыр.

Жалпы, жыл басынан өңірде 267 өрт оқиғасы тіркелген. 28 адам көз жұмып, 35 адам түрлі дене жарақатын алған. Келген материалдық шығын 97 млн теңгені құрайды.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев