Білім

Республикалық пәнаралық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды

С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының 10-сынып оқушысы Меруерт Әшімова жыл сайын пәнаралық олимпиадаға қатысып, білімін сынайды. 9-сыныпқа дейін Қазақстан тарихы пәнінен сынға түсіпті. Үнемі қалалық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстық додада тапсырмаларды орындаған. Ал биыл Құқық негіздерін таңдаған екен. Жасөспірімнің асығы алшысынан түсіп, республикалық кезеңге жолдама алған. Мұнда білімді жас жүзден жүйрік атаныпты.

Меруерт Әшімова – С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының 10-сынып оқушысы:

-Мұндай олимпиада кез келген қатысушыға бәсекелестік сезімін береді. Және де жарқын болашаққа үлкен қадам жасауға мүмкіндік бар.

Дәстүрге сай республикалық олимпиада 9 бен 11-сынып оқушылары арасында өткізіледі. Онда ұл-қыздар жалпы білім беретін 16 пәннен сынға түседі. Биыл бұл тізімге Өзін-өзі тану қосылған. Биылғы білім додасының қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 1 жарым оқушы қатысқан екен.

Роза Сәркен – СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

– Ағымдағы жылы сәуір айының 25-і мен 30-ы аралығында бүкіл республика бойынша «Ustudy» тестілеу орталықтарында оффлайн форматында өтті. Біздің өңірден республикалық байқауға 71 оқушы қатысты.

Осы 71-дің 16-сы жүлдегер атанды. Соның 5-еуі алтын медальмен марапатталды. Ал 4 оқушы күміс медальға ие болса, 7 бала қола медаль еншілеген. Жиын барысында топ жарған ұл-қыздарды ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Zoom платформасы арқылы құттықтады. Айта кетейік, жеңімпаз атанған оқушылар ел намысын алдағы уақытта халықаралық байқауда қорғайды.

Дана Ешкенова