Экология

Петропавлдағы күкіртсутектің шектік концентрациясы 10 есеге артқан

Әр көктем сайын шаһар аумағына мүңкіген иіс тарап, қолқаны қабады. Мұндай жағдайдың орын алып келе жатқанына биыл – 5 жыл. Бұған не себеп? Эколог мамандар жағымсыз иіс қала сыртындағы кәріз суы құйылатын биотоғаннан шығатынын растады.

Асхат Мәпенов – СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

– «Қызылжар су» серіктестігіне тиесілі тоғаннан күкіртсутегі бөлінеді. Соңғы уақытта оның ауадағы шектік мөлшері 10 есеге көбейіп кетті. Себебі, биыл мұз тез еріп, аталған газ түрі сыртқа көп мөлшерде тарады. Қазір біз бұл мәселені реттеу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірнеше нұсқаны қарастырып жатырмыз.

“Ауадағы күкіртсутегінің мұндай мөлшері денсаулыққа ешқандай зиян келтірмейді”,- дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлнәр Жақсылықова. Тек адамның көзі қызарып, мұрынның шырышы қабынады екен. Санитар мамандар Төтенше жағдайлар департаментінен шұғыл хабар келгенде ғана тиісті жұмыстарды атқаруға көшетін көрінеді. Ал, соңғы 5 жылда ондай бірде-бір ақпар түспеген.

Гүлнәр Жақсылықова – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Арнайы жүргізген мониторинг кезінде күкіртсутегінің шектік мөлшерден асқанын байқамадық. Егер шұғыл хабар түссе, ағын суларды тазалау жұмыстары бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Бірақ, әлі күнге дейін ондай шаруа атқармадық.

Мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Біріншісі – «Қызылжар су» серіктестігіне тиесілі су тазалағыш қондырғыларды жаңарту жұмыстарын аяқтау. Мамандар бұл істі 2013 жылдан бері атқарып келеді. Шаруаны соңына дейін жеткізу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат керек.

Ербол Нәбиев – “Қызылжар су” ЖШС су тарту кешенінің бастығы:

– Қазіргі күні қондырғыларды жаңарту жұмысының 4-ші кезеңі жүргізіліп жатыр. Жоба түзетуге жіберілді. Содан кейін ол экспертизадан өтуі қажет. Бүгінде шаруаның 60 пайызы атқарылған. Толығымен тәмамдау үшін 1,5 млрд теңге ақша қажет.

Иістен арылудың екінші жолы – биотоғандағы суды тазалау. Ол үшін көлге биобалдыр тастау қажет. Өсімдіктің бұл түрі суды оттегімен байытып, оны табиғи жолмен тазарта аралады. Нәтижесінде күкіртсутегінің бөлінуі де тоқтайды.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан